Педагогикалық үрдісті ұйымдастырудың негізгі формалары

Байганышева Камчат Мырзабаевна

                 Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты қоғам шығармашылық әрекет пен шығармашыл тұлғаға мұқтаж екенін күнделікті өмірдің өзі дәлелдеуде. Осыған орай бүгінгі күні орта білім беретін мектептерге үлкен талап қойылуда.  Егер әр оқушының өз ықылас-ынтасы, қызығушылығы бірінші орынға қойылса, онда ол өз бетімен ойын дамытып, білімін толықтырып отырады. Бала мектепте бір пәнді өте жақсы көріп, қызығып оқып, енді біреуіне мүлде назар салмауы мүмкін. Осы назар аудармаған сабағының болашақта өзіне керек екенін ол түсіне бермейді. Баланы кез-келген пәннен жалықтырып алмау, оның қызығушылығын арттыру үшін қандай әрекеттер жасау керек? деген сұраққа жауап іздеу көптеген әдістемелерді, әдіс-тәсілдері дүниеге әкелді.

                    Сондықтан қазіргі кезде  педагогика ғылымында педагогикалық үрдісті ұйымдастыру формалары өзекті мәселеге айналуда.  Педагогикалық үрдісті ұйымдастырудағы сабақтың артықшылығы, оның жеке топтық және фронталды жұмыстарды қолайлы түрде үйлестіру мүмкіндігінің кең болуында. Сондай -ақ ол мұғалімге материалды жүйелі және дәйекті түрде беруге мүмкіндік береді. Сабақпен ұштасып келетін сыныптан тыс және үйдегі оқу жұмыстарында, оқушылар білім  мен әдет-дағдыларды ғана меңгеріп қоймайды, сонымен бірге танымдық  іс-әрекеттің түрлі әдістерін меңгереді. Сабақ педагогикалық іс-әрекеттің мағынасы мен мазмұны, әдіс-тәсілдері арқылы тәрбие тапсырмаларын да нәтижелі шешуге  мүмкіндік береді.