Көркем әдебиет разроботка
методическая разработка по обучению грамоте (подготовительная группа) по теме

Таласбаева Айдана Сержанкызы

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН

ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА

АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАР

Скачать:

ВложениеРазмер
Файл korkem_debiet.docx108.08 КБ

Предварительный просмотр:

Барлығы 32 сағат

ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІНІҢ ҮЛГІ ЖОСПАРЛАРЫ

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Алтын күз.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты:

  1. Балалардың күз туралы білімін қалыптастыру. Күзгі табиғат ерекшеліктерімен таныстыру.
  2. Көкөністер мен жемістерді ажырата білуге үйрету.
  3. Табиғатқа қамқор болуға, оны аялауға тәрбиелеу.

Сөздік жұмысы: сары алтындай жайқалған, жиын-терін, берекелі күз, жомарт күз.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Күз мезгілінің суреттері. Бақшадағы көкөністер, баудағы жемістер суреттері.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, тыңдау.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

- Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендерді көргеніме қуаныштымын, бәріміз қол ұстасып, дөңгелене тұрайық.

Күндей жарық, айдай арайлы,

Судай мөлдір таза көңілмен

Бүгінгі күнді бастайың.

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Күз неше айдан тұрады?

- Күзді неге «алтын күз» деп атайды?

Ойын: «Табиғат мейірімді».

Ойын шарты: Тәрбиеші сөйлемді өзі бастап береді. Балалар сөйлемді әрі қарай жалғастырады.

- Жер-Ана мейірімді, өйткені ол ... (көкөністер мен жемістерді өсіреді).

- Күн мейірімді, өйткені ол ... (жарығын, жылуын береді).

Дәптермен жұмыс: Ғ. Қайырбековтің «Алтын күз» өлеңімен таныстыру, жаттату.

Жемісі мол теретін,

Күз дос екен бізбенен.

Бәрін тауып беретін

Жомарт екен күз деген.

Күз айында жемістер мен көкөністер піседі. Жемістер бақта өседі, көкөністер бақшада өседі.

- Жемістер мен көкөністерді ата.

Жемістер: алма, алмұрт, шие, өрік, жүзім, т.б.

Көкөністер: қызанақ, қияр, қырыққабат, қарбыз, қауын, т.б.

Сергіту сәті: (Баяу музыка әуенімен орындалады.)

Бастаушы: Күзде ағаш жапырақтары сарғаяды, жел соғады, ағаштар тербеледі, жапырақтар жерге қалықтап түседі. Аспанды бұлт торлайды, жаңбыр жауады. Түк, түк, түк (дыбыс шығару). Күн жарқырап шықты, біз қуанамыз! (Балалар қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Қай ағаштың жемісі?»

Ойын шарты: Алма, алмұрт, шие ағаштары және жемістері көрсетілген. Әр жемісті сәйкес ағаштарға тауып ілу керек.

Мұғалім балалардан күзгі табиғат көрінісі жөнінде сұрайды. Балалардың жауабы тыңдалады.

Жұмбақ шешу.

Жауып жаңбыр, жерде сабыр,

Шөп, жапырақ солады.

Айтыңдаршы, бөбектерім,

Бұл қай кезде болады?                                 (Күзде)

Қорытынды.

Күзде күн суытады, жауын-шашын көп болады. Айнала сары түске өзгереді, бұл мезгіл «алтын күз» деп айтылады. Балалар мектепке барады. Жиын-терін болады.

            Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қайдан келдің, бауырсақ?

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Өлеңді оқып беріп, балаларға түсіндіру барысында сөздік қорларын, сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілетін дамыту. Диалогты сөйлеуге үйрету.
  2. Бауырсақтың дастарқанға қандай еңбекпен келу жолдарын түсіндіру, нанды қастерлей білуге үйрету.
  3. Үлкендердің еңбегін бағалай білуге тәрбиелеу.

Сөздік жұмысы: диқан, наубайхана, дүкен.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, тыңдау.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Бауырсақ, қуыршақ, егіннің суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді. Педагог жұмбақ жасырады:

Ұзын мұртты сарылар,

Қойынында дәні бар.                         (Бидай)

- Бидайдан не жасалады?

- Бидайдан ұн жасайды, ұннан түрлі тағам, нан, бәліш, бауырсақ пісіреді.

Дәптермен жұмыс:

Педагог Ө. Тұрманжановтың «Қайдан келдің, бауырсақ?» өлеңімен таныстырады.

- Өлеңде не туралы айтылды?

- Бауырсақ қайда жатты?

- Қуыршақ не деп сұрады?

- Бауырсақ наубайға қайдан келді?

- Диірменге ше?

- Диқан бидайды қалай өсірді?

Балалардың жауабы. (Рөлге бөлініп ойнайды).

Сергіту сәті: Балалар бауырсақтың дастарқанға келу жолын қимыл арқылы көрсетеді.

Жерді жыртамыз, егінді себеміз,

Суарамыз, күтіп баптаймыз.

Бидай үлкен болып өседі,

Комбайнмен орамыз,

Машинамен қамбаға тасимыз,

Диірменде ұн етіп дайындайды.

Ұннан қамыр илеп, бауырсақ пісіреміз.

Дидактикалық ойын: «Не жасырынғанын тап.»

Ойын шарты: балаларға ұннан пісірілген нан түрлерін көрсету.

Балалар көздерін жұмады, бір суретті педагог алып қояды. Балалар қай сурет жоқ екенін табуы керек.

Нан - адамның тіршілік қорегі, дастарқанға үлкен еңбекпен келеді.

«Ас атасы - нан» мақалы елдің нанға деген қастерлі қарым-қатынасын білдіреді.

«Ас атасы - нан» -         жоғары дауыспен

орта дауыспен

төмен дауыспен қайталау.

Сюжетті - рөлді ойын: «Дүкенші».

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ сатушы, екінші топ сатып алушы болады. Ойын осылай жалғасады.

Қорытынды:

- Балалар, сонымен бауырсақ дастарқанға қалай келеді екен?

- Бауырсақ дастарқанға келу үшін кімдер еңбек етеді екен?

- Бауырсақтың қандай түрлері бар?

- Үйде аналарың қандай бауырсақ пісіреді?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Оқу құралдары хикаясы.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Балалардың бойында білімге деген қызығушылығын арттыру.
  2. Оқу құралдары туралы түсінік беру.
  3. Оқу құралдарын күтіп, таза, ұқыпты ұстауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: қаламсауыт.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Оқу құралдарының суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады, бір-біріне жақсы тілек, жылы лебіздерін білдіреді.

Педагог оқу іс-әрекетін жұмбақ жасырудан бастайды.

Білімнен мол сый-асы,

Балғындардың үясы.                         (Мектеп)

Ұшымен қазық торкөзді жазық

Үстіне өттім асыл сөз жазып.                 (Дәптер)

Қыркүйек айында балалар мектепке барады. Сабақ оқиды. Ол үшін кітап-дәптерлер, қалам-қарындаштар сатып алады.

Дәптермен жұмыс: А. Хамзаұлының «Оқу құралдары хикаясы» ертегісімен таныстыру, әңгімелету.

- Жанатбек биыл қайда барады?

- Анасы ұлына қандай оқу құралдарын сатып әперді?

- Жанатбек дәптерді қалай былғады?

- Қалам, дәптерлер неге ренжісті?

- Атасы немересін қайда апарды?

- Мұғалім Жанатбекке не берді?

- Жанатбек кітаптарды қайда салды?

- Кітап достарына қандай ақыл айтты?

- Кітаптың айтқаны дұрыс па?

- Сендер қалай ойлайсыңдар, Жанатбектің жасаған қылығы дұрыс па?

«Бірлік бол май, тірлік болмас» -                 жоғары дауыс

орта дауыс

төмен дауыста айтылады.

Сергіту сәті:         Біз мектепке барамыз,

Қолға қалам аламыз.

Кітапты да оқимыз,

Суретті де саламыз.         (Қимылмен көрсету.)

Дидактикалық ойын: «Қай зат артық?»

Ойынның шарты: Үстел үстіне оқу құралдары мен ойыншықтар араластырылып қойылады. Сөмкеге оқу құралдарын жинап, артық заттардың атын атау керек.

Тыныштық сәті: Баяу ойналатын музыка әуенімен балалар көздерін жұмады. «Көз алдымызға мектепті елестетіп көрейік. Қоңырау үні, сөмке көтерген балалар, парталар, тақталар, кітаптар. Не деген керемет!»

Парта үстінде оқу құралдары жатыр. Көздерін ашады.

Балалар өз ойларын айтады.

Жұмбақтың шешуін тап.

Алты қырлы, алты сырлы.                                         (Қалам)

Жазу жазып жалықпаған, жаза-жаза арықтаған.                 (Бор)

Қорытынды:

- Мектепте оқыған сендерге ұнай ма?

- Оқу құралдарын қалай ұстау керек?

- Сабақты жақсы оқитын баланы қалай атайды?

- Оқу құралдарын ата.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қайырымды қоян.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Ертегіні балаларға түсіндіре отырып, қайырымдылыққа, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
  2. Бала мен қоян арасындағы достықты үлгі ете отырып, достыққа адал болу қажеттігін түсіндіру.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: қайырымды.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Қоянның, баланың, ата-анасының және ормандағы аңдардың суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Төмендегі өлеңді балалар бірге айтады:

Біз қандаймыз, қандаймыз,

Шұғылалы таңдаймыз.

Жарқыраған күндейміз,

Ренжісуді білмейміз.

Дәптермен жұмыс:

Педагог «Қайырымды қоян» ертегісін оқып таныстырады (67-68 беттерден қарау). Сұрақтар:

- Әке-шешесі баласына қонаққа кімдерді шақыр деді?

- Бала қонаққа кімдерді шақырды?

- Әкесі баласына не үшін ұрысты?

- Бала жылап отырғанда көмекке не келді?

- Қоян қандай қайырымдылық жасады?

- Біз де қоянға ұқсап қайырымды бола аламыз ба?

Сергіту сәті:         Ұзын құлақ сұр қоян,

Естіп қалып сыбдырды,

Ойлы-қырлы жерлермен

Ытқып-ытқып жүгірді.

Қарап еді артына,

Қиығын сап көзінің,

Келе жатқан томпаңдап

Көжегі екен өзінің.         (Қимылмен көрсетеді.)

Дидактикалық ойын: «Досым - менің мақтанышым».

Ойынның шарты: Балалар бір-біріне гүл ұсыну арқылы өз достарының бойындағы жақсы қасиеттерін айтады.

- Елжан, сен менің мейірімді досымсың.

- Жайна, сен ақылды қызсың. Осылайша ойын жалғаса береді.

Тыныштық сәті: Көзімізді жұмып, денемізді бос ұстап, терең тыныс аламыз. Көз алдымызға қайырымды қоянды елестетіп көрейік. Қоян балаға қалай көмектесті? Көздерін ашып, қоянның қандай жақсылың жасағанын айтып береді.

Мақал жаттау:         «Досы көпті жау алмайды

Ақылы көпті дау алмайды».

Қорытынды:

- Балалар, Қоянның қайырымды екенін білдік. Сендер де достарыңа көмектесіп, қамқорлық жасай біліңдер.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Алма.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Балаларды бір-бірін сыйлауға, өзара тату болуға, қолындағы барын бөлісіп жеуге, әділдікке баулу.
  2. Жемістерді күтіп-баптауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Сөздік жұмысы: жабайы.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, тыңдау.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Алма ағашының суреті, қоянның, қарғаның, кірпінің, аюдың суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Бір-біріне алма беріп, жылы лебіздерін білдіреді.

- Жансая, сен осы алмадай әдемі бол!

- Ақниет, сен осы алмадай тәтті бол!

Педагог:

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Күз мезгілі неше айдан тұрады?

- Күз айында қандай жемістер піседі?

- Алма, алмұрт, шие, жүзім.

Дидактикалық ойын: «Дәмін тап».

Ойын шарты: педагог жемістер мен көкөністерді кесіп, алдын ала дайындайды. Балалардың көздері жұмулы, ортаға кезекпен шығып, жемістердің дәмін татып, қандай жеміс екенін табуы керек.

Дәптермен жұмыс: «Алма» ертегісін балаларға оқып, әңгімелеп беру. Педагог:

- Жылдың қай мезгілі еді?

- Жабайы алма қайда қалды?

- Алманы кім көрді?

- Қоян Қарғаға не деді?

- Қарға не істеді?

- Кірпі нені алып кетті?

- Үшеуі қайда барды?

- Аю не деп жауап берді?

- Қандай мақал айтты? Балалар жауап береді.

«Береке басы бірлікте» -                 жоғары дауыс

орта дауыс

төмен дауыста айтылады.

Тыныштық сәті: Үнтаспадан сайраған құстардың, жел тербеп сыбдырлаған ағаш жапырақтарының, сылдырап аққан судың, сусылдаған құмның, уілдеген желдің даусы естіледі.

- Қане, бәріміз бір сәтке көзімізді жұмайық. Табиғат аясында серуендеп жүрміз деп ойлайық. Таза ауа, ашық аспан, құстар қалықтап ұшып жүр. Алыстан судың сылдыраған сылдыры естіледі. Терең тыныс алайық. Көзімізді ашайық.

Сергіту сәті:         Алма баққа барайық,

Алма теріп алайық.

Ең үлкенін алманың

Анамызға сыйлайың!                 (Қимылмен көрсетеді).

Қорытынды:

Сұрақтарға жауап алу:

- Егер алманы сен тауып алсаң, не істер едің?

- Бірге бөлісіп жеген дұрыс па?

- Алма қайда өседі?

- Достар бір-біріне қандай болу керек?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ынтымағы жарасқан отбасы.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Отбасы туралы түсініктерін кеңейту, отбасындағы өзара сыйластық қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
  2. Отбасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
  3. Отбасылық, туыстық қарым-қатынастың мәнін түсіндіру.

Сөздік жұмысы: ынтымақ, жарасқан.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Отбасы суреті. Ата-әже, әке-ана, аға-іні, әпке-сіңілі суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттың шеңберіне тұрады, бір-біріне әдемі күлкілерін сыйлайды.

Кел,балалар, күлейік,

Күлкіменен түлейік!

Қабақ түйген не керек,

Көңілді болып жүрейік!

Тыныштық сәті: Баяу музыка ойнап тұрады.

- Бір сәтке көздеріңді жұмып, көз алдарыңа туған үйіңді, отбасы мүшелерін елестетіп көріңдерші. Туған үйіміз сондай ыстық. Отбасы мүшелері қандай сүйкімді, көңіл күйіміз өте жақсы! Көздеріңді жаймен ашыңдар.

Балалар өз отбасы туралы әңгімелеп береді.

Дидактикалық ойын: «Менің отбасым».

Ойын шарты: балалар шеңберге тұрады. Допты бір-біріне лақтырып, отбасы туралы жаңсы сөздер айтады.

- Менің отбасым ... (тату).

- Менің отбасым ... (көңілді).

Ойын осылайша жалғаса береді.

Дәптермен жұмыс: «Ынтымағы жарасқан отбасы» суретіне қарап, әңгіме құрау. Балалар жауап береді.

Сергіту сәті:         Біздің үйде ән тарап,

Думандатар өмірді.

Біздің үйде салтанат,

Біздің үйде көңілді.         (Қимылмен көрсетеді).

«Отбасым - бақыт мекені» -         жоғары дауыста

орта дауыста

төмен дауыста айтылады.

Қорытынды:

- Отбасы деген сөзді қалай түсінесіңдер?

- Отбасына кімдер жатады?

- Сенің отбасыңда неше адам бар?

- Өз отбасың туралы әңгімелеп бер.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Айтшы, әжетай.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты:

  1. Балаларға өлеңді жаттата отырып, үлкендердің еңбегін бағалай білуге, үлкендерді сыйлай білуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: қаракөл қой, табын, жиен аға, нағашы, жезде.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Жылқышы, тәрбиешінің суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады, бәрі бірге қосылып айтады:

Жабырқауды білмейміз,

Жалқаулықты сүймейміз.

Біз талантты жас ұлан,

Үлгі аламыз жақсыдан.

Педагог:

- Жылдың қай мезгілі?

- Күз мезгілі неше айдан тұрады?

- Күз мезгілінде қандай өзгерістер болады?

- Күз мезгілі несімен ұнайды?

- Бүгін біз Ж. Смақовтың «Айтшы, әжетай» өлеңімен танысамыз.

- Бала әжесінен нені сұрады?

- Әжесі қалай жауап берді?

- Атасы кім екен?

- «Жылқышы» деген сөзді қалай түсінесің?

- Анасы қайда жұмыс істейді?

- «Тәрбиеші» деген қандай мамандық иесі?

- Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?

Сергіту сәті:

Біз кішкентай баламыз, өсіп-өніп толамыз.

Күнге қарай талпынып, көкке қолды созамыз.

Қанат қағып ұшамыз, қарлығаштай самғаймыз.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Кім жоқ?»

Ойынның шарты: Педагог тақтаға мамандық иелерінің суреттерін іледі, балалар суреттерді көреді, көздерін жұмады, көздерін ашқанда қай суреттің жоқ екенін табу керек.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмып, қолдарын алға созады, алақандарына күннің сәулесі жылуын төгіп, саусақтардан өткен жылу денелеріне, жүректеріне барады. Көздерін ашады. Жылулықты сөздік пе? Балалардың жауабы.

«Мақалды аяқта» ойыны:

Бұл ойында педагог кез келген мақалды бастап береді, ал балалар аяқтайды.

Ата - бәйтерек, ... (бала - жапырақ)

Қорытынды:

Еңбек етсең, жемісін жейсің. Адамдарға барлық мамандық маңызды және қажет. Әр істе ең бастысы - білімді, еңбексүйгіш болу керек.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Алтын бала.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты:

  1. Балаларды өзіне тапсырылған істі тиянақты орындауға, отбасында, достарының ортасында жауапкершілікті болуға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Сөздік жұмысы: алтын.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Ананың суреті, баланың ата мен әжеге көмектескен суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шеңберге жиналады.

Өзім жақсы баламын,

Ана тілін аламын.

Мейлі қайда жұмсасын,

Бәріне де барамын.

- Аналарың сендерді нан әкелуге жұмсаса, барасыңдар ма?

- Аналарыңа үй жұмыстарына көмектесесіңдер ме?

Дәптермен жұмыс:

Педагог С. Тұрдалиевтың «Алтын бала» әңгімесін балаларға оқып таныстырады.

- Анасы Зәукенді қайда жұмсады?

- Зәукен кімді кездестірді?

- Атайдың қандай затын жөндеп берді?

- Анасы қайда келді?

- Әжей Зәукен туралы не айтты?

- Анасы неге қуанды?

- Баласы анасына нені берді?

Сергіту сәті:         Орнымыздан тұрамыз,

Қолды белге қоямыз,

Бұрыламыз оңға бір,

Бұрыламыз солға бір,

Біз бақытты баламыз,

Гүл-гүл жайнап жанамыз,

Жаттығулар жасасақ,

Жақсы сергіп қаламыз.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Сөйлемді жалғастыр».

Ойын шарты: Бастаушы берілген суреттерге қарап, сөйлемді бастайды, келесі бала аяқтайды.

- Мен анама ... (көмектесемін).

- Мен ініме ... (қамқор боламын).

Дәптермен жұмыс: Ребусты шеш. Балалар ребусты шешіп, жауабын айтады.

Қорытынды:

- Балалар, күнделікті біз ата-анамыздың тапсырмасын жауапкершілікпен, тиянақты орындап отыруымыз керек. Сонда ғана тәртіпті, алтын бала боламыз.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ойыншықтар.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты:

  1. Балалардың ойыншық туралы түсініктерін кеңейту, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу.
  2. Ойыншықтарды күтіп, ұқыпты, таза ойнауға үйрету.

Сөздік жұмысы: арғымақ, қарғып.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, өлеңді сызба арқылы жаттау.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Ойыншық суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттың шеңберіне тұрады. Бәрі бірге қосылып айтады:

Біз ұқыпты баламыз,

Айтқан тілді аламыз.

Ойыншықты жинаймыз,

Үлкендерді сыйлаймыз.

Педагог:

- Сендердің сүйікті ойыншықтарың бар ма?

- Қандай ойыншықты жақсы көресіңдер?

- Ойыншықтарды қалай ұстау керек?

Дәптермен жұмыс: Қ.Мырза Әлидің «Ойыншықтар» өлеңін сызба арқылы жаттату.

Іші тола бөлменің (бөлменің суреті).

Ойыншығым (ойыншықтар суреті) мол менің.

Босқа тізіп қоймайық, келе ғой, дос, ойнайық.

Мына тұрған арғымақ (арғымақтың суреті),

Мінем оған қарғып-ақ.

Мына тұрған қояным (қоянның суреті),

Алдына жем (сәбіздің суреті) қоямын.

Сөздік жұмысы:

- Арғымақ деп жүйрік әрі әдемі атты айтамыз.

- Қарғып деп атқа секіріп мінуді айтады.

Дидактикалық ойын: «Жалғасын тап».

Ойын шарты: Бастаушы бала сөйлемді бастап береді, балалар аяқтайды.

- Менің ойыншығым ... /әдемі/.

- Мен қуыршақпен ... /ойнаймын/.

- Допты жоғары ... /лақтырдым/.

Сергіту сәті: Саусаққа арналған жаттығу.

Добым, добым, домалақ,

Тоқтамайсың домалап.

Үстел үстін бұл дірдің,

Тәрелкені сындырдың.

Тентек болып кеттің деп,

Тұрмын сені тепкім кеп.

(Саусақпен, аяқпен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс:

- Өзіңе ұнайтын ойыншықтың суретін сал. Ол туралы білетініңді айт.

- Жұмбақтың шешуін тап.

Бір құлағы сөйлесе,

Бір құлағы тыңдайды,

Білсең айтшы ендеше,

Жұрт не дейді мұндайды?         (Телефон).

Қорытынды:

- Ойыншықтарды қалай ұстау керек?

- Қандай ойыншық түрлерін білесің?

- Ойыншықты кімдер жасайды?

- Ойыншық туралы қандай тақпақ білесің?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ауылда.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Әңгімені балаларға түсіндіру барысында сөздік қорларын, сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілетін дамыту.
  2. Ауыл, қала туралы түсінік беру.
  3. Үлкендерді сыйлай білуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмысы: қармақ, күбі, едәуір.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Суреттер.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

- Бүгін ауа райы қандай?

- Айналада қандай өзгерістер бар?

- Жылдың қай мезгілі?

- Бір аптада неше күн бар?

- Бүгін аптаның қай күні?

- Жазғы демалысты қайда өткіздің?

- Ауыл (қала) сендерге несімен ұнайды?

Балалардың жауаптары.

Тыныштық сәті: Балалар ыңғайланып отырып, үнтаспадан табиғат дыбыстарын тыңдайды және көз алдына елестетеді. Көздерін жұмады.

- Дала табиғаты қандай тамаша! Айнала жап-жасыл, сан алуан тамаша гүлдердің иісі аққиды. Сайраған құстардың үні, өзеннің сарқыраған даусы естіледі. Таза ауадан терең жұтайық. Көзімізді ашайық.

Дәптермен жұмыс: Н. Қадырбаевтың «Ауылда» әңгімесімен таныстыру.

- Бейбарыс пен Шолпан жазғы демалыстарын қайда өткізді?

- Бейбарыс кімнің қасында болды?

- Атасымен бірге не істеді?

- Шолпан кімнің қасында болды?

- Әжесі екеуі не істеді?

- Бейбарыс көрші балалармен қайда барды?

- Шолпан әжесі екеуі қайда барды?

- Шолпанның әжесі тамақты қалай пісіреді?

- Шолпан қайда кетті?

- Бейбарыс ше?

Сергіту сәті:         Атамның алып күрегін,

Ауланың қарын күредім.

Әжеме құдықтан су әкеліп беремін.

Еденді де жуамын, шаң-тозаңын қуамын.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Айырмашылығын тап».

Ойын шарты: Қаланың және ауылдың суреттері берілген.

Балалар суреттерге қарап, қала мен ауылдың айырмашылығын табады.

Қорытынды:

- Балалар сендер де ауылға қонаққа барасыңдар ма?

- Ауыл сендерге ұнай ма? Несімен ұнайды?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Менің Қазақстаным.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Балалардың Отан туралы түсініктерін кеңейту.
  2. Туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін дамыту.
  3. Туған жерін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: Отан, туған жер.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Қазақстан картасы.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. 

Балалар шаттық шеңберіне тұрады, барлығы бірге қосылып айтады.

Отан деген - атамекен,

Отан деген - туған жер.

Отан — ана, Отан - үлкен,

Қазақстан - туған ел!

Педагог:

- Отан - біздің сүйікті отбасымызбен бірге тұратын үйіміз, туған жеріміз, ауылымыз, қаламыз, айналаны қоршаған табиғатымыз.

Біздің Отанымыз - Қазақстан.

- Қазақстан Республикасының астанасы қалай аталады?

- Рәміздерді атаңдар.

- Қазақстан Республикасының Президенті кім?

- Қазақстан картасын білесің бе?

- Сендер қай қалада тұрасыңдар?

Т. Молдағалиевтың «Қазақстан картасы» өлеңінің мазмұнын талдау.

Анау Жайық өзені, анау жатқан Атырау,

Бәрі сенің өз жерің, өз суларың, батыр-ау,

Туған жердің тынысын ұққын орман нуымен,

Алтынды Алтай шығысың, қыран ұшқан шыңынан...

Педагог балаларға өздері тұрып жатқан жерін картадан көрсетіп, арнайы белгілермен белгілейді.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады. Туған жеріміздің табиғатын, таза ауасын, әдемі гүлдерін, сайраған құстарын көз алдымызға елестетеміз. Туған өлкеміздің табиғаты қандай тамаша!

Көзімізді ашамыз. Туған жеріміз туралы ойымызды әңгімелейміз.

Сергіту сәті:

Төскейден жел еседі,

Төбемнен бұлт көшеді.

Туған жерім мен үшін,

Көк майсасын төседі.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Қай қала екенін тап».

Ойынның шарты: Ойын үшін Қазақстан картасын пайдаланамыз. Балаларға Қазақстандағы бірнеше қалалардың аты беріледі. Картадан сол қалаларды тауып, жанына белгілерін іледі: Астана - Бәйтерек, Алматы - Қазақстан қонақүйі, т.б.

Қорытынды:

Қазақстан Республикасы - біздің сүйікті Отанымыз!

Қазақстан - өте үлкен, бай республика. «Жері байдың - елі бай».

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Көліктер

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Балаларды көлік түрлерімен таныстыру.
  2. Жолда жүру ережесі туралы білімдерін толықтыру.
  3. Жолда жүру тәртібін сақтауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: баған, аспалы, сым жол.

Оқу іс-әрекетінің көрнекілігі: Көлік түрлері, суреттері. Багдаршам, жол белгілері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі: балалар бір-біріне жақсы тілектер айтып, жылы лебіздерін білдіреді.

Педагог балаларға көліктің түрі көп екенін айтады.

- Алыс жолға, саяхатқа шыққанда қандай көліктермен жүреміз?

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмып, көз алдарына саяхатқа қалай шығатындарын елестетеді. Жеңіл көлікпен аялдамаға жетеді. Аялдамадан автобусқа мінеді. Вокзалдан пойызға мініп, портқа жетеді. Кемемен жүзіп отырып әуежайға, әуежайдан ұшаққа отырып демалатын жерге де жетеміз. Көзімізді ашамыз. Қандай сезімде болдыңдар?

Дәптермен жұмыс: М. Әлімбаевтің «Троллейбус» өлеңімен таныстыру.

Бағанға ілінген

Аспалы сым жолы бар,

Көшелерде жүгірген

Троллейбус жолығар.

Сым жолымен зулайды,

Басқа жаққа бұрмайды.

- Троллейбусқа мініп көрдің бе?

- Троллейбустың автобустан айырмашылығы қандай?

- Сым жолымен қалай жүреді?

Сергіту сәті:         Орнымыздан тұрамыз,

Қанатымызды жаямыз.

Ұшақ болып ұшамыз,

Суда жүйткіп жүземіз,

Кемелерді түземіз.

Жол тәртібін сақтап,

Троллейбусқа мінеміз.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Жолдан өте білесің бе?»

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Көліктер, жаяу жүргіншілер.

Бірінші топ көліктерге мінеді, екінші топ жаяу жүргіншілер. Бағдаршамға, жол белгілеріне қарап, жолдан өтуі керек.

Жұмбақ шешу: Төбесінде ебелек, ұшады өзі керемет. (Тік-ұшақ)

Табанында жолы бар, төбесінде қолы бар. (Трамвай)

Қорытынды:

- Қандай көлік түрлерін білесің?

- Алыс жол жүріп көрдің бе?

- Өзің қандай көлікті ұнатасың? Суретін салып, әңгімеле.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қыс.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Қыс мезгілінің ерекшелігін балаларға түсіндіру.
  2. Қыс мезгіліне деген қызығушылығын арттыру.
  3. Табиғатты бақылауға, қорғауға тәрбиелеу.

Сөздік жұмыс: жасқанбаймын, шаттана.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Қыс мезгілінің суреттері, слайдтар, үнтаспа.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Қыс мезгілі неше айдан тұрады?

- Қыста қар неге жауады?

- Қардан не жасауға болады?

Балалар бүгінгі ауа райын бақылап, табиғат күнтізбесіне белгілейді.

Дәптермен жұмыс: Ә. Табылдының «Қыс» өлеңін жаттау.

Жас ұланмын шыныққан,

Жасқанбаймын суықтан.

Қардан жасап аққала,

Сырғанаймыз шаттана.

Педагог:

- Сендерге аққала соққан ұнай ма?

- Аққаланы неден соғады?

- Ендеше аққала соғып көрелік.

Сергіту сәті: Қарды жинаймыз, дөңгелектейміз, тағы да біреуін дөңгелектейміз. Дайын қарларды бірінің үстіне бірін қоямыз. Қолын жасаймыз, көздерін, мұрнын, аузын жасаймыз. Мінекей, аққаламыз да дайын болды. (Қимылмен көрсетеді).

Қимылды ойын: «Қар жинау».

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Ортада екі топқа да бірдей етіп қар үйілген. Берілген белгі бойынша шелекке қарды толтыру керек.

Дәптермен жұмыс: Жұмбақтың шешуін тап.

Шанамен зырлап желетін,

Шаңғы, коньки тебетін,

Аққала жасап ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлайсың?

(Қыс мезгілі).

Дидактикалық ойын: «Аққаланы құрастыр».

Ойын шарты: Қиып дайындалған аққаланың денелерін тақтаға апарып ретімен орналастыру керек. Балалардың көздері байлаулы болады. Ойын осылайша жалғасады.

Қорытынды:

- Қыс мезгілінде қандай ерекшеліктері бар? - Қыс айында қандай мерекелер болады? - Қыс мезгілі несімен ұнайды? - Қардан тағы не жасауға болады?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Тәуелсіздік көкбайрағы.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Балаларды Қазақстан Республикасының рәміздерімен таныстыру.
  2. Елтаңба, ту, гимн жайлы түсініктерін бекіту, оған құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: рәміз, көкбайрақ, тәуелсіздік.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Герб, тудың суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар қолдарын жүрек тұсына қойып, гимн айтады.

Педагог:

- Біз қай мемлекетте тұрамыз?

- Еліміздің бас қаласы қай қала?

- Қазақстан Республикасының президенті кім?

- Туымыздың түсі қандай?

Қазақстан - тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіз болу деген - ешкімге бағынышты емес, өз еркімен өмір сүру деген сөз. Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Елімізде 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні болып белгіленген.

Дәптермен жұмыс: Н. Мұқатовтың «Тәуелсіздік көкбайрағы» өлеңімен таныстыру.

Орта ылғи от жайнайды,

Тірлік ырғақ тоқтай ма әлі.

Тас төбемде желбіреші,

Тәуелсіздік көкбайрағы.

Педагог: Мемлекеттік Тудың авторы Ш. Ниязбеков. Тудың көгілдір түсті болуы - бұл ашық аспанның түсі. Тудың ортасында - шұғылалы алтын күн. Ол тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күннің астында - шарықтаған дала бүркітінің бейнесі. Ту қазақтың ұлттық оюымен өрнектелген.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады. Өскенде өз Отанына қалай қызмет ететіндерін, өскенде кім болатындарын ойлап, көз алдарына елестету. Балалар көздерін ашып, өз ойларын айтады.

Сергіту сәті:         Көтеріліп шаңырақ,

Керегелер керіліп,

Өрімдей болып өріліп,

Уықтар болып иіліп,

Шаңыраққа киіліп,

Бәріміз жүрсек айналып.         (Қимылмен көрсету).

Дидактикалық ойын: «Мен өскенде кім боламын?»

Ойын шарты: Әрбір мамандық иелерін сурет арқылы балаларға көрсету керек. Балалар қалаған суретті алып, өскенде қандай мамандық иесі болатынын әңгімелеп айтып беруі керек.

Қорытынды: - Туымыздың авторы кім? - Туымыз неліктен көгілдір түсті? - Тудың ортасында ненің бейнесі бейнеленген? - Неліктен ою-өрнекпен әшекейленген?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жаңа жылым — тамаша.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: 

  1. Қыс туралы білімін бекіту.
  2. Жаңа жыл мерекесі ең қызықты, отбасылық мереке екенін балаларға түсіндіру.
  3. Жаңа жыл мерекесіне деген қызығушылығын арттыру.

Сөздік жұмыс: ырыс-құт, әлем.

Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Жаңа жыл мерекесі суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Қыс мезгілі неше айдан тұрады?

- Қыс мезгілінде қандай мерекені атап өтеміз?

Педагог балалармен жаңа жыл мерекесі туралы әңгімелеседі. Мереке туралы балалар өз ойларын айтады.

Тыныштық сәті: Балалар көздерін жұмып, терең тыныс алады. Көз алдарына Жаңа жыл мерекесін, жасыл шыршаға ілінген ойыншықтарды, шыршаны айналып ән айтып жүрген балаларды елестетеді. Жаңа жыл мерекесі қандай тамаша! От-шашулар не деген керемет. Көздерін ашады.

Көңіл күйлері жайлы әңгімелесу.

Дәптермен жұмыс: Ә. Табылдының «Жаңа жылым - тамаша» өлеңін жаттау.

Әкелді жыл ырыс-құт:

Әлемде той, тыныштық.

Жарқын өмір жаңаша,

Жаңа жылым - тамаша.

Педагог: Қыс - жылдың қызықты мезгілі. Жаңа жыл мерекесі - отбасылық мереке. Жаңа жылдың өз ерекшелігі болады. Әрбір келген жыл ырыс, құт-берекесімен, өз жақсылығымен келеді. Жаңа жыл мерекесін бүкіл әлем халқы тойлайды. Жаңа жыл мерекесінің қонақтары - Аязата мен Ақшақар.

Дидактикалық ойын: «Шыршаны құрастыр».

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Бірнеше қиып дайындалған шыршаны алып, тез арада құрастыру керек. Тез аяқтаған топ жеңіске жетеді.

Дәптермен жұмыс: Шыршаны безендір.

Қорытынды:

- Жаңа жыл мерекесі сендерге несімен ұнайды?

- Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алғыларың келеді?

- Аязатадан қандай сыйлық күтесіңдер?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ормандағы шырша тойы.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балаларға әңгімені тыңдата отырып, қыс мезгілінің ерекшелігімен таныстыру. Ормандағы аңдарға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: безендіру.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Балалардың шыршаны безендіріп жатқан суреттері. Сәбіз жеп отырған қоянның суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Балалар шаттық шеңберіне тұрады, бір-біріне жаңажылдық жақсы тілектер айтады. Педагог:

- Жылдың қай мезгілі?

- Қыс мезгілі неше айдан тұрады?

- Қыста қандай мерекені атап өтеміз?

- Жаңа жылда нені безендіреміз?

- Шыршаны безендіру сендерге ұнай ма? Ендеше, шыршаны безендірген кезімізді көз алдымызға елестетеміз.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен көзімізді жұмамыз. Көз алдымызға жасыл шыршаны елестетеміз. Қолымызға түрлі ойыншықтарды алып, шыршаға іліп жатырмыз. Шыршамыз жарқырап кетті. Қандай әдемі шырша! Көзімізді ашайың.

«Ормандағы шырша тойы» әңгімесімен балаларды таныстыру.

- Руслан ата-анасымен қайда тұрады?

- Жаңа жыл қарсаңында қонаққа қаладан кім келді?

- Тимур Русланға қандай ой айтты?

- Екі бала шыршаны қалай безендірді?

- Шыршаға ілген тамақты қандай құстар жеді? Аттарын ата.

- Анасы нені көріп қалды?

- Балалардың шыршаны жейтін нәрселермен безендіргені дұрыс па?

Адамдар ғана емес, аң, құстар да жаңа жылды осылайша тойлады.

Сергіту сәті:         Тербеледі шыршалар,

Алдымнан жел еседі.

Кіп-кішкентай шыршалар

Үп-үлкен боп өседі. (Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Аңдарды құрастыр».

Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Алдын ала қиып дайындалған аң денелерін құрастыру керек. Қай топ тез қүраса, сол топтың жеңіске жеткені.

Қорытынды: Балалар Жаңа жылды қалай қарсы алатынын суретке салып, әңгімелеп береді.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Біз тебеміз сырғанақ.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Қыс мезгілі туралы балалардың түсінігін кеңейту. Қыс мезгілінің ерекшеліктерін бақылау. Балалардың табиғатқа деген қызығушылығын арттыру.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: шыңдайды, құйындатып, мығым.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Сырғанап жүрген балалар суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Бәрі бірге төмендегі өлең жолдарын қайталайды.

Қыс келді, қыс келді,

Ақтарды ақ қарды.

 Ақ қарды шимайлап,

Шаңғымен сызалық.

Педагог:

— Қыс мезгілінің басқа жыл мезгілдерінен ерекшелігі қандай?

- Қыс мезгілі сендерге несімен ұнайды?

Суда мұз бар,

Жерде қар бар,

Боран борап соғады.

Бөбектерім, айтыңдаршы,

Бұл  қай кезде болады? (Қыс)

Қимылды ойын: «Қандай қимыл екенін тап». Ойын шарты: Балалар шеңберге тұрады, әр бала кезекпен ортаға шығып, қимылды қозғалыс жасайды, қалған балалар шешуін табуы керек. Бірнеше (шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанау, т.б.) қимылдар көрсетіледі.

Дәптермен жұмыс: Б. Жақыптың «Сырғанақ» өлеңін жаттау.

Сырғанакқа мығымбыз,

Шыныққанбыз, шымырмыз.

Таудан төмен сырғанап,

Біз тебеміз сырғанақ.

- Сырғанақ тебу сендерге ұнай ма?

- Сырғанақ тебу үшін қандай болуың керек?

- Достарыңмен бірге сырғанаққа барасың ба?

Сергіту сәті:         Ішік, пима, қолғаптар,

Арада жоқ тоңғақтар.

Баста қалың малақай,

Біз тоңбаймыз, алақай.

(Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс: Қыс мезгілінің ұнаған сәттерін, өз ойларын қағаз бетіне түсіреді. Ребус шешеді.

Тыныштық сәті: Балалар денелерін еркін ұстап, көздерін жұмады. Көз алдарына қыс мезгілін елестетеді. Терең тыныс алады. Ауа неткен таза, айнала аппақ қар, жылт-жылт етеді. Қарды алақанымызға салдық, сұп-суық.

Аққала соқтық. Аққаламыз қандай әдемі болып шықты. Көзімізді ашамыз.

Қорытынды:

- Қыста сырғанаған сендерге ұнай ма?

- Сырғанақта немен сырғанайсыңдар?

- Сырғанаққа бару үшін қалай киіну керек?

- Қардан не жасауға болады?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қысқы баспана.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балаларға ертегіні оқып, таныстыру арқылы ойлау қабілеттерін дамыту. Бір-біріне қамқор болуға, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелесу, көрсету.

Сөздік жұмысы: тақтай, еден.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Күзгі тіршілік суреттері, бұқа, қошқар, шошқа, мысық, әтештің суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

Педагог балаларға жұмбақ жасырады.

«Еріксе, құйрығымен ойнайды, зеріксе, ұйқыға бір тоймайды». (Мысық)

«Қызыл бұжыр айдары бар, қоқиланған айбары бар,

Ауық-ауық азан салып, өңеш керген айғайы бар». (Әтеш)

Дидактикалық ойын: «Қайсы қалай дыбыстайды?»

Ойын шарты: педагог үй жануарларының суреттерін көрсетеді. Балалар олардың атауын тауып, қалай дыбыстайтынын айтуы тиіс.

Дәптермен жұмыс: «Қысқы баспана» ертегісімен балаларды таныстыру.

- Орманда қандай аңдар өмір сүрді?

- Олар күзде не тұрғызды?

- Олардың үйіне нелер келді?

- Қасқырлар неден қорықты?

- Бұқа, қошқар, әтеш, мысық, шошқа қандай дос?

Сергіту сәті:         Озып кетсең егерде,

Қуана бер, қуана.

Бірімізді біріміз

Ұстап алмай қоймайық.

Кел, қошақан, екеуміз

Қуаласпақ ойнайық. (Қимылмен көрсетеді).

Мақал жаттау:

«Береке түбі - бірлікте» -         жоғары дауыс

орта дауыс

төмен дауыста айтылады.

Қорытынды:

- Үй жануарларына қандай көмек көрсету керек?

- Үй жануарларының қандай пайдасы бар?

- Үй жануарларының азығы не?

- Үй жануарларына баспананы кім жасайды?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Шана.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Қыс мезгілінің ерекшеліктерін балаларға түсіндіру. Қыс мезгілінде ойналатын ойындарды, сырғанауға арналған заттарды ажырата білуге үйрету.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: күн ұзақ.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: қыс мезгілін бейнелейтін суреттер, шанамен сырғанап жүрген балалар суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады, бір-біріне жақсы тілектерін, жылы лебіздерін білдіреді.

Педагог:

- Қыс мезгілінде қандай өзгерістер болады?

- Қыста қардан не соғамыз?

- Сырғанақта немен сырғанаймыз? (Шана)

Дәптермен жұмыс: Г.Әзімбаеваның «Шана» әңгімесімен таныстыру.

- Бала ұйқысынан тұрып, қайда қарады?

- Ол терезеден кімді көрді?

- Әкесі мен шешесі не істеп отырды?

- Бала ата-анасына қандай сөз айтты? (Жаттап алу.)

- Әкесі баласына не әкеліп берді?

- Анасы баласына қандай ақыл айтты? Анасы неліктен олай айтты?

- Баласы не деп жауап берді?

Сергіту сәті:         Боран соғар оң жақтан,

Боран соғар сол жақтан.

Қар лақтырып ойнасақ,

Су өтеді қолғаптан. (Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Қандай қимыл жасағанын тап».

Ойын шарты: Бастаушы түрлі қимылдар ( шаңғы, хоккей, коньки, шана) жасайды, балалар қандай қимыл жасағанын табуы керек.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады.

Көз алдарына биіктен шанамен сырғанап ойнаған сәттерін елестетеді. Шанамен сырғанап ойнаған қандай қызық. Отыруға да ыңғайлы. Қардың үстімен заулап сырғанайды. Көзімізді ашамыз. Балалар өз ойларын айтып береді.

Қорытынды:

- Қыс мезгілінің басқа жыл мезгілінен айырмашылығы қандай?

- Қыста қандай қызықтар болады?

- Қысқы ойындарды ата.

- Шанамен не үшін қыста ғана сырғанайды?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Шынықсын денеміз.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балаларға өлеңді жаттата отырып, қыс мезгілінде ауырмас үшін шынығу керектігін түсіндіру. «Шынықсаң шымыр боларсың» сөзінің мағынасын түсіндіру.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру.

Сөздік жұмыс: құрыспай, құрыштай.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: қыс мезгіліндегі сырғанап жатқан балалар суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

- Сымбат, денсаулығың мықты болсын!

- Дулат, шымыр болып өс!

Педагог балаларға жұмбақ жасырады.

«Қыста ғана болады, ұстасаң, қолың тоңады». (Қар)

Қимылды ойын: «Кім жылдам?»

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Ортада белгі көрсетілген. Балалар көрсетілген белгіге сырғанап жетіп, өз орындарына сырғанап келуі керек. Ойын осылай жалғаса береді.

Дәптермен жұмыс: Б. Соқпақбаевтың «Шынықсын денеміз» өлеңін жаттау.

Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз.

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз.

- Қыста ауырмас үшін не істеу керек?

- Сырғанақ теуіп ойнасақ, қандай бала боламыз?

- «Құрыспай, құрыштай» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

Сергіту сәті:         Жас ұланмын шыныққан,

Жасқанбаймын суықтан.

Қардан жасап аққала,

Сырғанаймын шаттана.

(Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс: 

Жұмбақтарды шеш.

«Қайқы тұмсық қос табан, қос таяқпен ұштаған,

Итерсең алға зулайды, шойын жолдан аумайды». (Шаңғы)

«Қыста үйге кірмейді, көктем шықса жүрмейді». (Шана)

Дидактикалық ойын: «Кім тез шананы құрайды?»

Ойын шарты: Бірнеше қиып дайындалған шана бөліктері. Берілген белгі бойынша балалар шананы құрастырады. Ойын осылайша жалғасып отырады.

Қорытынды:

- Қыс мезгілі сендерге ұнай ма?

- Қыста ойнайтын қандай ойындарды білесің?

- Сырғанаққа барған несімен ұнайды?

- Қыс мезгіліне арнап жаттаған тақпақтарыңды айтып бер.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Аққала.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балаларға қыс мезгілінің қызықты екенін түсіндіру. Қардан аққала соғып, қар қамалдар тұрғызуға болатынын үйрету.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: ақша қар.

Оқу іс-әрекетінің көрнекілігі: Аққаланың, аққала соғып жатқан балалардың суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

Педагог:

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Қыс мезгілі неше айдан тұрады?

- Қыста қардан не жасауға болады?

Дәптермен жұмыс: F. Ормановтың «Аққала» өлеңін жаттау.

Ауыл алды ақша қар,

Ақша қарда балалар

Соғып жатыр аққала.

Педагог:

- Қыста жерде не жатады?

- Қардан не жасауға болады?

- Аққала соғып көрдің бе?

Сергіту сәті:         Аула сырты, баққа да

          Тұрғызамыз аққала.

Аққаланы айналып,

Би билейміз шаттана. (Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Аққала құрастыр».

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Әртүрлі қиып дайындалған геометриялық қиындылардан аққала құрастыру керек.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады. Көз алдарына топ алаңын, онда соққан аққаланы елестетеді.

Аққаламыз қандай әдемі! Көзімізді ашамыз. Көңіл күйлерің қалай болды?

Дәптермен жұмыс: Өздері соққан аққаланың суретін салады.

Жұмбақты шеш.

Шелек қалпақ басында,

Сәбіз екен танауы.

Қыста қардан туатын,

Тауып көрші сен оны. (Аққала)

Қорытынды:

- Аққаланы неден соғамыз?

- Қардан қолымыз жаурамас үшін не киеміз?

Ескерту: Суық тиіп қалмас үшін қалың киіну керек.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Қарлығаш пен Дәуіт (ертегі).

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Ертегіні тыңдата отырып, Қарлығаш адамға дос құс екенін, Дәуіттің адалдығын балаларға түсіндіру. Балаларды бір-біріне көмектесуге, қиналған кезде жәрдем беруге үйрету.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, сахналау.

Сөздік жұмыс: дәуіт, жардың қуысы, амалы таусылып.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Қарлығаш, дәуіт, көкек, жыланның суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Ертегі әуеніне қосылып балалар ән айтады. Есік қағылады. Ішке ертегілер елінен келген Тазша бала кіреді. Балалармен сәлемдеседі. Тазша бала өзімен бірге ертегі, жұмбақтар әкелгенін айтады. Балаларға жұмбақ жасырады.

Тазшаның жұмбағы:

Қонып алып жарға, қарқылдайды ... ( қарға)

Өзі жасыл өрі батыр, ол не? ... (дәуіт)

Өзі қара, бауыры ақ, ол не? ... (қарлығаш)

Тазша бала «Қарлығаш пен дәуіт» ертегісін айтып береді.

Дәптермен жұмыс: «Қарлығаш пен Дәуіт» ертегісін балаларға оқып таныстыру.

- Қарлығаштың үясы қайда орналасқан?

- Жылан не үшін келді?

- Қарлығаш көмекке кімді шақырды?

- Көкек не деді?

- Қарға ше?

- Дәуіт не істеді?

- Қарлығашқа кім көмектесті? Ертегіні рөлге бөліп ойнату.

Тыйым сөздер: сурет бойынша сызбамен жаттау.

Құстың ұясын бұзба!

Құстың балапанына тиіспе!

Құсқа тас лақтырма!

Сергіту сәті:

Қане қанат қағайық, қарлығаш боп ұшайық,

Ұшып-ұшып алайық, орнымызға қонайық.

Қарлығаш боп ұшайық, торғай болып қонайық,

Сауысқан боп секіріп, тоқылдақ боп шоқиық.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Ұшты-ұшты».

Ойын шарты: «Ұшты-ұшты қарлығаш ұшты» деген кезде балалар қолдарын көтереді. Ұшпайтын затты айтқанда, қолдарын көтермеуі керек.

Тазша балалармен бірге ойнайды. Өз ризашылығын білдіріп, ертегілер еліне қайтады.

Қорытынды:

- Қарлығаш - адамға дос.

- Дәуіт - адал, достарына көмектеседі.

- Қиындықта достарыңа көмектесу керек.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Көктем сәні.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Ертегіні түсіндіре отырып, балаларды көктем мезгілінің ерекшелігін сезіне білуге, табиғатты аялай білуге, қамқор болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Жабайы аңдардың суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Қосылып айтады:

Табиғатқа қамқор боп,

Байлығын біз қорғайық.

Әдепті де, тәртіпті боп,

Жақсылығын қолдайық.

Педагог: Табиғатты аялап, қорғасақ, өз денсаулығымызды қорғағанымыз.

Әрбір жыл мезгілі өз сәнімен ерекшеленеді. Жазда ыстық, күзде сары, қыста қар, көктемде жасыл болады.

Дәптермен жұмыс: «Көктем сәні» ертегісін оқып, балаларды таныстыру.

- Арыстан орманға аңдарды не үшін шақырды?

- Қандай аңдар жиналды?

- Ақбөкен не деп жауап берді?

- Қоян, Арқар, Аю, Түлкі не деп жауап берді?

- Сендер көктем сәні не деп ойлайсыңдар?

Дидактикалық ойын: «Кім тез құрайды?»

Ойын шарты: Бірнеше жабайы аңдардың қиылған денелерін құрастыру.

Сергіту сәті:         Арыстан ақырады, қоян секіреді,

Түлкі қылмыңдайды, аю қорбаңдайды.

(Қимылмен көрсетеді).

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен көзімізді жұмып, орманды елестетеміз.

Орманда жануарлар жүр. Орман іші жап-жасыл. Таза ауа, сайраған құстар үні, сылдырап аққан судың сыбдыры құлаққа жағымды естіледі. Көзімізді ашайық.

Қорытынды: Көктем сәні - ол гүлдер, көбелектер, алғашқы ұшып келген құстар, күннің жылуы.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Не сыйлау керек?

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Әңгімені балаларға түсіндіру арқылы мейірімділікке, кішіпейілділікке, анаға құрмет көрсете білуге, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: сыйлық.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Ана мен бала бірге тұрған суреттер.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрып, аналарына жақсы тілектерін айтады.

- Ана — не деген мейірімді, не деген қасиетті жан!

- Ана деген болашағы өмірдің!

- Ана деген қуанышы көңілдің!

- Өмірде үш қадірлі зат бар, ол - күннің нұры, сәбидің күлкісі, ананың аң сүті!

Педагог:

- Алдымызда қандай мереке келе жатыр?

- Мерекеде аналарыңа не сыйлағыларың келеді?

Дәптермен жұмыс: Ж. Әлмашевтың «Не сыйлау керек?»

әңгімесін балаларға оңып таныстыру.

- Балғынға көкесі нені ескертті?

- Балғын қайда келді?

- Балғын не ойлады?

- Апайы Балғынға қандай көмек көрсетті?

- Балғын ненің суретін салды?

- Анасына қандай сыйлық беретін болды?

Сергіту сәті: Дала гүлін сыйлық үшін жинаймыз,

Кейде оны жұлуға да қимаймыз.

Бұл  гүлдерді қуанышты сәттерде,

Шын жүректен аналарға сыйлаймыз!

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Анаңды таны».

Ойын шарты: Үнтаспаға балалардың аналарының даусы басылған, балалар өз анасының даусын тануы керек.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады, көз алдарына өздерінің туған аналарын елестетеді. Анамыз аялы алақанымен басымыздан сипайды. Алақаны неткен жұмсақ еді. Көзімізді ашамыз.

Қорытынды:

- Үйде аналарыңа көмектесесіңдер ме?

- Аналарың нанға жұмсаса, барасыңдар ма?

- Аналарыңа қандай сыйлық жасайсыңдар?

- Ана туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Наурыз тойы

(сурет бойынша әңгіме құрастыру).

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Наурыз мерекесі туралы балалардың түсінігін кеңейту. Наурыз - жыл басы, ұлыстың ұлы күні, қазақ халқының жаңа жыл мерекесі екенін балалардың бойына сіңіру. Салт-дәстүрімізді қолдана отырып, адалдыққа, ұлтжандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: көгерсін, теңелді.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Наурыз тойының суреттері, наурызкөже пісіріп жатқан аналар суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады.

Көктем, көктем, көктемде,

Құстар келіп жеткенде.

Қуанып бір қаламыз,

Әнмен қарсы аламыз.

Педагог:

- Қазір жылдың қай мезгілі?

- Көктем мезгілі неше айдан тұрады?

- Көктем мезгілінде қандай өзгерістер болады?

- Наурыз айында қандай ұлттық мерекені тойлаймыз?

Дәптермен жұмыс: Сурет бойынша әңгіме құрастыру.

Ә. Табылдының «Наурыз тойы» өлеңін балаларға жаттату.

Күн менен түн теңелді,

Күн шуаққа кенелді,

Соны тойлар ел енді.

Наурыз тойы - салтымыз,

«Көгерсін», - деп халқымыз,

Көшеге тал егеміз. Наурызда күн мен түн теңеледі. Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша, наурыздың алғашқы күнін жаңа жылдың басы деп, ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуенімен балалар көздерін жұмады. Көз алдарына көктем мезгілін елестетеді. Жер-әлем жап-жасыл. Күн шуағын төгіп түр. Сылдырап су ағып жатыр. Киіз үйлер қаз-қатар тізіліп түр. Балалар алтыбақан ойнап, аналар наурызкөже пісіріп жатыр. Наурыз тойы басталды.

Көзімізді ашайық. Көңіл күйлерің қалай болды? Наурыз тойы несімен ұнады?

Дидактикалық ойын: «Бұл  қай салт-дәстүр?»

Ойын шарты: Қазақ халқының бірнеше салт-дәстүрінің суреттері көрсетіледі. Балалар бұл  қай салт-дәстүр екенін табуы керек. Ол туралы толық айта білуі керек.

Сергіту сәті:         Қарды ерітіп жылғасы,

Наурыз келді - жыл басы.

Шуақ төкті жарық күн

Мейрамында халықтың.

(Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс: Наурызкөжеге қосылатын дақылдарды сызық арқылы қос.

Ұлттық ойын: «Қамшы алу».

Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топтан екі немесе төрт баладан ортаға шығады. Бір-біріне арқаларын тіреп тұрады, қамшыны аяқтарының ортасына қояды. Берілген белгі бойынша қамшыны жылдам алып, жоғары көтеру керек. Кім тез алып көтерсе, сол баланың епті болғаны.

Қорытынды:

- Наурыз мерекесі қандай мереке?

- Наурызкөжені кімдер пісіреді?

- Наурыз тойы сендерге несімен ұнайды?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Келе бер, көктем.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Көктем мезгілінде болатын өзгерістер жайлы балаларға түсіндіру. Табиғаттағы құбылыстарды бақылай отырып, сүйіспеншілікке, табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Сөздік жұмыс: Шуақты, жер көйлегі.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Көктем мезгілінің суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Бастаушы: Күн, Күн, сен неге күлімдейсің?

Балалар: Көктем келді.

- Жаңбыр, жаңбыр, сен неге сыртылдайсың? (Жауынның жауған дыбысы)

- Көктем келді.

- Бұл ақ, бұл ақ, сен неге сылдырайсың? (Судың дыбысы)

- Көктем келді.

- Құстар, құстар, сендер неге сайрайсыңдар? (Құстардың сайраған дыбысы)

- Көктем келді.

Балалар бір-біріне: «Досым, біз де күлімдейікші», - деседі.

Педагог:

- Көктем мезгілі неше айдан тұрады?

- Көктем мезгілінде қандай өзгерістер болады?

- Көктем мезгілінде ең алғаш өсетін гүлді білесің бе?

Дәптермен жұмыс: Н. Мұқатовтың көктем мезгіліне арналған өлеңін жаттау.

Күншуақты кез келді,

Көп көрініс көзде енді.

Жерге сіңіп қалың қар,

Жер көйлегі өзгерді.

Педагог:

- Көктемде қандай өзгерістер болады?

- Қар еріп, қайда сіңеді?

- Жер қандай түске өзгереді?

- Жерде не өседі?

Балалардың жауаптары тыңдалады.

Тыныштық сәті: Баяу әуенмен балалар көздерін жұмып, терең тыныс алады. Жасыл желек жамылған шөптерді, бүршік атқан ағаштарды, сайраған құстарды, гүлге қонған көбелектерді көз алдарына елестетеді. Гүлдердің иісі қандай әдемі! Иіскейді. Терең тыныс алады.

Дидактикалық ойын: «Гүлдер».

Ойын шарты: Тақтаға гүлдердің суреті ілінеді. Балалар көздерін жұмады, көздерін ашқанда гүлдердің біреуі жоқ болады. Қай гүлдің жоқ екенін табу.

Сергіту сәті: 

Шаршағанда ырғалып,

Гүлге ұқсап дем алам.

Қанатымды бір қағып,

Гүлдей болып жайқалам. (Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс: «Көктемгі еңбек» суреті бойынша әңгіме құрастыру. Жұмбақтың шешуін тап.

Күн ұзарып, қар еріп,

Су сайларға толады.

Бөбектерім, айтыңдаршы,

Бұл  қай кезде болады? (Көктемде)

Қорытынды:

- Көктем мезгілі несімен ерекшеленеді?

- Ауа райын бақыла.

- Ағаштар қалай өзгереді?

- Көктем мезгіліне арналған өлең айтыңдар.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Төлдер айтысы (ертегі).

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін кеңейту. Төрт түлік мал төлдерінің аталуын және оларды ажырата білуге үйрету. Төлдерге қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: Төрт түлік, төл.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Үй жануарлары және төлдерінің суреттері.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Балалар аналарының өздерін қалай еркелететінін айтады.

- Менің атым Айша, мені анам «қошақаным» деп еркелетеді.

- Менің атым Елжан, мені анам «ботақаным» дейді.

- Менің атым Әмина, маған анам «құлыншағым» дейді.

Дидактикалық ойын: «Төлін тап».

Ойын шарты: Тақтаға үй жануарлары ілінеді. Балалар әрбір үй жануарларының қасына өз төлін тауып ілуі тиіс. Ойын осылай жалғаса береді.

Дәптермен жұмыс: «Төлдер айтысы» ертегісімен балаларды таныстыру.

- Төлдер бір-бірімен не үшін айтысты?

- Лақ не айтты?

- Құлын ше?

- Бұзау не деді?

- Қошақан, бота не деді?

- Адам не деп жауап берді?

Сергіту сәті: Айналайын торпақ, бола берме қорқақ, Айналайын қозым, малда жуас бозым. Айналайын ботам, қандай күлте жотаң, Жалт-жұлт етіп лаң, жағалайсың бұл аң.

(Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс: Жұмбақтың шешуін тап.

Жарысуға дайын, менің қасқа ... (тайым)

Тастан тасқа секірген ұзын салпаң құлақты,

Қойдан маза кетірген, кім біледі ... (лақты)

Моп-момақан өзі, сүп-сүйкімді... ( қозы)

Қорытынды:

- Үй жануарларының адамдарға қандай пайдасы бар?

- Ешкі, қой, сиыр, түйе, жылқының төлдерін ата.

- Малдарды қалай шақырады?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Сәруар (ертегі).

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Ертегіні оқып бере отырып, балаларды батылдыққа, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: ғарыш.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: суреттер.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Бір-біріне қарап төмендегі өлеңді айтады:

Біз қандаймыз, қандаймыз,

Шұғылалы таңдаймыз,

Жарқыраған күндейміз,

Ренжісуді білмейміз!

Педагог:

- Айға ұшқыларың келе ме?

- Айға ұшу үшін қандай болуымыз керек?

- Айға немен ұшады? Балалар өз ойларын айтады.

Тыныштық сәті: Көзімізді жұмып, көз алдымызға аспан әлемін елестетеміз. Аспан әлемі не деген әдемі! Жұлдыздар жымыңдайды. Терең тыныс алып, көзімізді ашамыз. Көңіл күйлерің қалай болды?

Дәптермен жұмыс: С. Оспановтың «Сәруар» ертегісімен таныстыру.

- Сәруар қайда ұшпақ болды?

- Не үшін Аюға барды?

- Аю келісті ме?

- Қасқыр келісті ме?

- Түлкі келісті ме?

- Қоян неге қорықты?

- Айға ұшуға күшік пен мысың неге келісті?

- Сәруардың нағыз достарын ата.

Сергіту сәті:         Достар бірге жүреміз,

Бірге ойнаймыз, күлеміз.

Бірге балық аулаймыз,

Міне, біздер қандаймыз.

Әрқашанда тілектес,

Досыңа көмектес. (Қимылмен көрсетеді).

        Дидактикалық ойын: «Менің досым».

Ойын шарты: Балалар бір-біріне гүл ұсына отырып, өз достарының бойындағы жақсы қасиеттерін айтады.

- Әлішер, сен ақылды баласың.

- Жансая, сен әдемі қызсың.

Қорытынды:

- Айға ұшу сендерге ұнар ма еді?

- Айға ұшу үшін қандай болу керек?

- Айға ұшқанда қасыңа кімді ертер едің?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Тоқтар батыр.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Ғарышқа тұңғыш ұшқан қазақ Тоқтар Әубәкіровтің ерлігін балаларға түсіндіру. Балаларды батылдыққа, төзімділікке, еліне адал азамат болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Ғарышкерлер суреті, зымыран, Байқоңыр суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады.

Көкке ұшамын,

Ұшқыш болар баламын.

Соңынан ерем

Ер ғарышкер ағаның.

Педагог балаларға жұмбақ жасырады.

«Ұшады қанатсыз,

Зырлайды аяқсыз». (Зымыран)

Педагог аспан әлеміне ұшқан тұңғыш қазақ Тоқтар Әубәкіровпен таныстырады.

Тыныштық сәті: Баяу музыка әуені ойналады. Балалар көздерін жұмып, терең тыныстайды. Денелерін еркін ұстайды. Көз алдарына аспан әлемін елестетеді.

- Біз ұшақта отырмыз, жаймен аспанға көтерілеміз, аспанға көтерілдік.

- Біз қалықтап ұшып жүрміз, ұшып жүрміз, жерге жаймен қонамыз, жерге қондық.

- Көзімізді ашайық. Көңіл күйлерің қалай болды?

Дәптермен жұмыс:

Педагог Т. Молдагалиевтің «Тоқтар батыр» өлеңімен таныстырады.

Айналады бір сенен,

Есіміңді білсе әлем.

Ғарышқа ұшқан қазақтың

Тұңғышына бір сәлем!

Қабанбайдың ұланы,

Бөгенбайдың қыраны,

Айтылатын мәңгілік

Қазағымның жыр-әні.

Сергіту сәті:         Біз ұшамыз, ұшамыз,

Бар әлемді құшамыз.

Әрбір ел мен қалаға.

Қуаныш, бақыт сыйлаймыз.

(Қимылмен көрсетеді).

Дидактикалық ойын: «Ұшақ».

Ойынның шарты: Балалар ұшаққа отырады, ұшақ оталды, қанатымызды жаямыз, баяу қозғаламыз, аспан әлеміне ұшамыз. Міне, көкте ұшып жүрміз.

Ойын осылайша жалғасады.

Дәптермен жұмыс: Ғарыш кемесін салу.

Қорытынды:

- Қазақ халқынан алғаш ғарышқа ұшқан ғарышкердің аты кім?

- Ғарышқа ұшу үшін қандай болу керек?

- Өскенде ғарышкер болғың келе ме?

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Ағайынбыз бәріміз.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Достық, ынтымақ сөздерінің маңыздылығын түсіндіру. Сыйластық, татулық туралы түсініктерін кеңейту.

Сөздік жұмыс: достық, ынтымақ, татулық.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Халықтар достығы бейнеленген суреттер. Үнтаспа.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады.

Туыспыз біз бәріміз,

Бір Отанды сүйеміз.

Бақытты елде туған соң,

Бақытты өмір сүреміз!

Педагог: Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Елімізде орыс, татар, ұйғыр, неміс, кәріс, тағы да басқа ұлт өкілдері тұрады. Әрбір ұлттың өз ана тілі, салт-дәстүрлері, ұлттың киімдері, тағамдары, ойындары болады. Олар бірлікте, татулықта өмір сүреді.

Дәптермен жұмыс: Ә. Дүйсенбиевтің «Ағайынбыз бәріміз» өлеңін жаттау.

Ортақ болсын асқар тау,

Жеміс толы бақша-бау.

Болсын жер мен су ортақ,

Болсын кең де, көл де ортақ.

Ақпыз, қара, сарымыз,

Ағайынбыз бәріміз.

- «Ағайынбыз бәріміз» деген сөз нені білдіреді?

- «Ынтымақ» деген сөзді қалай түсінесің?

«Ынтымақ бар жерде бақыт бар» - жоғары

орта

төмен дауыспен айтылады.

        Дидактикалық ойын: «Досыңды тап».

Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Бір топтың балалары көздерін таңып, өз достарын табуы керек. Олар өз досының қолын, шашын, киімін ұстап, сипау арқылы табады.

Сергіту сәті:         Дөңгелене тұрамыз,         

Керегені құрамыз.

Уықтар боп иіліп,

Шаңыраққа киіліп,

Достық үйін құрамыз. (Қимылмен көрсетеді).

Қорытынды:

- Біз қай мемлекетте өмір сүреміз?

- Біздің мемлекетімізде қандай ұлт өкілдері тұрады? Оқу іс-әрекетін достық туралы әнмен аяқтауға болады.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жеңіс күні.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балалардың «жеңіс күні», «бейбітшілік» туралы түсініктерін бекіту. Патриоттық сезімге, ынтымақтастыққа, достыққа тәрбиелеу. Соғысқа қатысқан ардагерлерге құрмет көрсету.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрсету.

Сөздік жұмыс: отшашу, соғыс ардагері.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Соғысқа қатысқан ардагерлер суреттері. Мәңгілік алау, оның қасында күзетте тұрған балалар. Жеңіс мерекесінің суреті.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

- Аспанымыз ашық болсын!

- Еліміз тыныш болсын!

- Бейбітшілік болсын!

Педагог: 9 мамыр - жеңіс күні! Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр ағаларымыз бен апаларымыз бар. Оларды атап айтсақ: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, т.б.

Еліміз өз батырларын ешқашанда ұмытпайды. Батырлар ескерткішіне гүл шоғын қоямыз!

Еске алу: 1 минуттық үнсіздік.

Дәптермен жұмыс: Қайрат Жұмағалиевтың «Жеңіс күні» өлеңін жаттау.

Ойлап тұрдым көп,

Сауал бердім білгім кеп:

 — Қуанышты мереке –

Жеңіс күні қай күн? - деп.

Бейбіт күннің бәрі де –

Жеңіс күні, шырағым!

Дидактикалық ойын: «Сөз ойла, тез ойла».

Ойын шарты: Бастаушы бір сөз айтады, балалар жалғасын тез ойлап табуы керек.

Мен әншімін ... (ән айтамын)

Мен дәрігермін ... (адамдарды емдеймін)

Мен ғарышкермін ... (ғарышқа ұшамын)

Ойын осылай жалғасады.

Сергіту сәті:         Қиынсынып қашпаймыз,

Шынығамыз жастай біз.

Көңілді әуен сазымен

Жаттығуды бастаймыз.

Иілеміз оңға бір,

Иілеміз солға бір,

Қолды жоғары көтеріп,

Қолды төмен түсіріп,

Терең тыныс аламыз. (Қимылмен көрсетеді).

Дәптермен жұмыс:

«Ерлер есімі мәңгі өшпейді!» - жоғары дауыста

орта дауыста

төмен дауыста айтылады.

Қорытынды:

- «Жеңіс күні» деп неліктен айтамыз?

- «Бейбітшілік» деген сөзді қалай түсінесің?

- Соғысқа қатысқан ардагерлерге қандай көмек көрсету керек?

- Соғысқа қатысқан батырларды ата.

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы: Жарқын жаз.

Оқу іс-әрекетінің мақсаты: Жаз туралы балалардың түсінігін кеңейту. Жаз айында айналада болатын өзгерістерді, табиғаттағы ерекшеліктерді бақылай білуге үйрету.

Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: жарқылдап, қаңқылдап, қалтылдап, қауыз.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: Жаз айының суреттері, слайдтар.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Балалар шаттық шеңберіне тұрады. Барлығы бірге айтады:

Жайқалып жапырақ,

Құлпырып қызғалдақ,

Тұратын көз тартып,

Жаз келді күншуақ.

Педагог балаларға жұмбақ жасырады.

Күндер ысып, шөп пісіп,

Ел пішенін орады.

Бөбектерім, айтыңдаршы,

Бұл  қай кезде болады? (Жазда)

Дәптермен жұмыс: Жаз тақырыбына сурет бойынша әңгіме құрастырту.

- Жаз айының басқа жыл мезгілдерінен қандай айырмашылығы бар?

- Жазда балалар қайда шомылады?

- Мал қайда жайылады?

- Жазғы демалыста қайда барасың?

- Жаз мезгілі несімен ұнайды?

Абайдың «Жаз» өлеңін оқып, мазмұнын түсіндіру. Н. Айтовтың «Жарқын жаз» өлеңін жаттау.

- Жаз қалай келді? (жарқылдап)

- Қаздар қалай ұшып келді? (қаңқылдап)

- Көбелектер қайда қонды? (гүлге)

- Не жауады? (жаңбыр)

- Гүлдер несін ашады? (қауызын)

- Ненің төсінде? (жайлаудың)

- Не басталады? (қызық-думан).

Дидактикалық ойын: «Жылдың қай мезгілі екенін тап». Ойын шарты: Бірнеше сурет берілген, сол суреттер ішінен жылдың қай мезгілі екенін тауып, әңгіме құрастыру керек.

Сергіту сәті:         Жаз келіпті дегенше,

Алма пісті дегейсің.

Бағымызда ендеше

Алма тарту көбейсін.

Жаз келіпті дегенше,

Қарбыз пісті дегейсің,

Бақшамызда ендеше

Қарбыз жинау көбейсін. (Қимылмен көрсету).

        Тыныштық сәті:

- Қане, балалар, бір сәт тыныштың сақтап, өзімізді табиғат аясында тұрмыз деп елестетейік. Мейірімді күн шуағы көгілдір көлге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Енді сендер суға шомылып, ыстықтағанды басыңдар. Қандай рақат, көңіліміз жайланып, көтеріліп қалды.

- Енді осы елестеткен, ойлаған ойларыңмен бөлісейік. Балалар жаз мезгілі туралы өз ойларын айтады. Қорытынды:

Жаз мезгілі - жылдың ең қызықты кезі. Балалар жазғы демалысқа шығады, суға шомылып, демалатын орындарға барады, кейбір балалар жайлауға ата - әжелеріне барады.

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН

ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА

АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР

Оқу құралдары хикаясы

(ертегі)

Биыл Жанатбек бірінші сыныпқа барады. Анасы оған оқу құралдарын сатып әперді. Жаңа сөмке, қызыл қапты әдемі қаламсауыты болды. Дәптерді әкелген күні-ақ шимайлап сурет салып тастады. Анасы оған ұрысып еді, атасы:

- Жанатжан кішкентай ғой. Қайдан білсін? - деді қорғаштап.

Түн болды. Бәрі ұйқыға кетті. Оқу құралдары үстел үстінде қалды. Қалам шимайланған Дәптерді мазақ етіп күлді. Дәптер жылап қоя берді.

Қаламсауыт:

- Біздің иеміз оған сурет салды ма?

- Салды! - деді бәрі хормен.

- Салса, немен салды? - деді Қаламсауыт.

- Қаламмен! - деді Қалам.

- Ендеше Дәптердің жауы сенсің! - деді Қаламсауыт.

- Қарындаш пен Қалам Қаламсауытта жатады. Қаламсауыт болмаса Қарындаш пен Қалам жоғалады. Мен оларды өшіремін, - деді Өшіргіш.

- Мен болмасам, сен де жоғаласың, - деді Қаламсауыт.

- Сенің досың - Кітап. Ал иеміз оны алған жоқ. Сондықтан сенің сөзіңді жақтайтын жанашыр да жоқ, — деді Қалам. Сөйтіп, Дәптерге бәрі үстемдік көрсетті.

Таң атты. Бүгін Жанатбек мектепке барады. Ол өте қуанышты еді. Жанатбек киініп, оңу құралдарын салған сөмкесін алып, атасымен мектепке келді. Мұғалімдермен танысты. Мұғалім балаларға кітап таратты. Жанатбек кітаптарды сөмкесіне салды. Кітаптар Қаламсауытты басып қалды. Дәптер оған күлді. Кітап:

- Дәптер, сен неге күлесің?

Дәптер кешегі оқиғаны баяндады. Кітап өзінің олардан ақылдылығын көрсетіп:

- Сендер, бәрің бір адамның затысыңдар. Біріңмен бірің байланыстысыңдар. Дәптерге жазу-сызу үшін қалам, қарындаш керек. Керек емес сызықты өшіруге өшіргіш керек. Біз барлығымыз оқу құралдарымыз. Иеміздің жақсы оқушы болуына бірлесіп көмек берейік, - деді.

Кітаптың ақылын бәрі мақұлдап, енді бір-бірін тыңдап, тату болуға келісті. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген осы.

А. Хамзаұлы

Қайырымды қоян

( ертегі)

Мейрам күні әке-шешесі кішкене баласын қонақ шақырып келуге жұмсайды. «Ана ағаңды, мына атаңды, әне бір жездеңді шақыр...» - деп, екеуі көптеген адамның атын айтады.

Бала көшеге шығысымен-ақ шақыр деген кісілерінің аты-жөнін ұмытып қалады. Үйге барып, қайыра сұрауға бата алмайды. Ол тұрып-тұрып: «Ауылдың адамын тегіс шақырайын, солармен шақыр деген адамдары да келер», - деп ойлайды. Сөйтіп, ол үй біткеннің бәріне кіріп, ауыл адамдарын тегіс қонаққа шақырады. Барлығы да шақырғанына риза болып, келетіндіктерін айтады. Бала үйіне қайтады.

Түсте қонақтың алды жинала бастайды. Ауылдың барлық адамы жиналып, енді тек дастарқанның жайылуын күтеді.

Баланың әке-шешесі жиылған жұртты көргенде шошып кетіп:

- Мұнысы несі? Мұнша жұртқа тамақты қалай жеткіземіз? - дейді.

Бала шақыр деген адамдарын ұмытып қалғандықтан, үйге кел деп жұртқа түгел хабар бергенін мойнына алады.

Жұрт дастарқанның жайылуын сарғая күтумен болады. Ақыры әке-шешесі үйдегі барлық тамақты дастарқанға қояды. Бірақ онысы жиын топқа аздық етеді.

- Өзің бүлдірген істі өзің жөнде! - деп ата-анасы баласына ренжиді.

Бала көз жасын сорғалата үйден атып шығып, тоғайға кетіп қалады. Ағаш түбіне отырып, ағыл-тегіл жылайды.

Кенет ескі досы - қоян жүгіріп оның қасына келеді. Бұл  қоянды ол кішкене көжек уақытында тауып алып, үйінде бағып өсірген соң, тоғайға алып келіп қоя берген болатын.

Бала өз жайын қоянға айтып береді.

Қоян артқы аяғына шоқиып отырып, қалқан құлағымен бәрін тыңдап алады, сонан кейін алдыңғы екі аяғымен баланың қолынан ұстайды да:

- Жарайды, қапаланба, достым! Үйіңе қайт, бәрі де жақсы болады, - дейді. Соның артынша тоғайға кіріп жоқ болады.

Қоянның айтқан ақылын алып, бала аулына қайтады. Үйіне келсе, дастарқандағы асты ішіп-жеп болған қонақтар тары да тамақ дәметіп отыр. Кейбіреулері үй иесіне келіп, ұрса бастайды. Ашуланған біреулері:

- Беретін еш нәрсең болмаған соң, қонақ шақырып нең бар еді?! - дейді.

Осы кезде қонақтың біреуі терезеден сыртқа көз жіберіп шошып кетеді де, серіктерін қасына шақырады. Алғашында бәрінің де зәре-құты қалмағанмен, артынша жүректерін тоқтатып, олар да қайран қалады. Көше түрлі аңдарға толып кетіпті, барлығының да көтерген жүгі бар, тура үйге қарай келе жатады.

Аюлар балды қораға кеспек - кеспегімен домалатып әкеліп кіргізеді. Қасқырлар бірнеше тұтас қойдың етін әкеледі. Бұғылар мүйізіне іліп шелек - шелек сүт әкеледі. Түлкілер тауық пен қоян етін алып келеді, тиін мен қояндар шелек - шелек жаңғақ пен жидек теріп әкеледі. Баланың үйіне осы тағамның бәрін әкелуді өзінің ормандағы достарынан өтінген қоян еді. Ол қонақтарға өзін бала қалай асырап өсіргенін, сосын тоғайға қалай апарып қоя бергенін түгел айтады.

Аңдар әкелген тамақтарын қораға үйіп-төгеді де, жұбын жазбай, қайтадан тоғайға кетіп қалады. Таң қалған қонақтар үндей алмай, ауыздарын ашып тұрып қалады.

Әке-шешесі қуанғаннан не істерін білмейді. Ал бала ол екеуінен де бетер қуанып, қоян досына риза болады.

Алма

Қоңыр күз мезгілі еді. Ағаштың жапырақтары түсіп, тек жабайы алма ағашының басында жалғыз алма қалыпты.

Осы кезде орман аралап жүрген Қоян алманы байқап қалады. Оны қалай алуға болады? Алма өте биікте - секіріп жете алмайсың!

- Қарқ-қарқ!

Шырша бұтағында отырған Қарға Қоянның қылығына сырттай күліп отырады. Оны көрген Қоян:

- Ей, Қарға! Маған алманы үзіп берші! - дейді.

Қарға ағаш басына ұшып барып, алманы үзіп алады. Бірақ тұмсығымен алманы қармап ұстай алмай, жерге түсіріп алды.

- Рақмет саған, Қарға! - деді де Қоян алманы жерден көтермек болады.

Ал жерге түскен алма жаны бардай, дыбыс шығарып, қозғалып жүгіре жөнеледі.

- Бұл  қалай?

Қорқып кеткен Қоян алмасының ағаш түбінде ұйықтап жатқан кірпінің үстіне құлағанын түсініп:

- Тоқта, тоқта! - деп айғайлайды. - Менің алмамды қайда алып бара жатырсың?

Кірпі:

- Бұл  - менің алмам! Ол төбеден құлады, ал мен оны ұстап алдым.

Қоян да қояр емес:

- Алмамды қайтарып бер. Оны тауып алған - мен! Таласып жатқан оларға Қарға қосылады:

- Босқа таласасыңдар, алма менікі! Мен оны өзім үшін үзіп алғанмын, - деді ол өтірік - шының араластыра.

Олар бір-бірімен түсінісе алмай, алманы әрі тартып, бері тартып, у-шу болды.

Орман іші айғайдан ызы-қиқы болып кетеді. Қарға тұмсығымен Кірпіні шоқып, Кірпі инесімен Қоянды піскілеп, ал Қоян Қарғаны аяғымен тебеді...

Сол кезде қорбаңбай Аю келіп қалады.

- Бұл  не айғай шу? Мазамды алдыңдар ғой! Бәрі оған жақындап:

- Сен, Аю, біздің ормандағы ең үлкені әрі ең ақылдымызсың. Сондықтан бізге алманың кімдікі екенін айтып берші, - дейді олар төрелігін сұрап.

Олар Аюға оқиғаның қалай болғандығын баяндайды. Аю ойланып тұрып, сұрақ қойды:

- Алманы кім тапты?

- Мен, - деді Қоян.

- Алманы кім үзіп алды?

- Мен! - деп қарқ етті Қарға.

- Жақсы. Кім оны ұстап алды?

- Мен ұстап алдым! - деп шиқылдады Кірпі.

- Мінекей, бәрің де дұрыс айтасыңдар, өйткені әрқайсың алманы алу үшін еңбектендіңдер! Алма бәріңдікі.

- Алма біреу ғана ғой! - деді Кірпі, Қоян Қарға түк түсінбей.

- Бұл  алманы теңдей бөліңдер. Әрқайсысың бір-бір бөлігін алыңдар! - деді Аю.

Мұны естіп, бәрі қуанып кетті:

- Бағанадан бері біз босқа таласқан екенбіз ғой!

Кірпі алманы төрт бөлікке бөлді. Қоянға бір бөлігін берді:

- Бұл  саған, Қоян, сен алманы бірінші көрдің! Екінші бөлігін Қарғаға берді:

- Бұл  саған, Қарға, сен алманы үзіп алдың! Үшінші бөлігін Кірпі арқасына салып алды:

- Бұл  маған, өйткені алманы ұстап алған - Мен! Кірпі төртінші бөлігін Аюға берді:

- Бұл  саған, Аю!

- Маған не үшін? - деп таңғалды Аю.

- Сен бізге ақыл айтып, татуластырдың! - деді ол риза кейіппен.

Әрқайсысы өзіне' берілген алманың бөлігін жеп, риза болды, өйткені Аю ешкімді ренжітпей, дұрыс, әділ шешім шығарған еді. «Береке басы - бірлікте» деген сөз осыдан қалған көрінеді.

Е. Сүтеев

Сен бақытты ұлансың

Анаң - күнің, жүрегің,

Әкең - өмір тірегің.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Әжең - асыл ардағың,

Атаң - дана қорғаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Ағаң - қамқор асқарың,

Інің - мөлдір аспаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Қарындасың - қанатың,

Ел-Отаның - жаннатың.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

М.Қуанышбеков

Айтшы, әжетай

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Атам осы кім менің?

- Атаң атты баптаған,

Бәйге бермес Ақтабан.

Құстай сергек ұйқысы,

Атаң сенің - жылқышы.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Ағатайым кім менің?

- Қаймақ, тоқаш, ақ нанның,

Білесің тәтті бал дәмін,

Егіншіні есіңе ал,

Ағаң сенің - егінші.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Апатайым кім менің?

- Мақтансаң сен басқаға,

Апаңды естен тастама,

Жүз баланың анасы,

Тәрбиеші ол бақшада.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Нағашым осы кім менің?

- Әдемі пәлте жағасын,

Айтшы, қайдан аласың?

Қаракөл қойын өсіріп,

Әперген сенің нағашың.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Жеңгем осы кім менің?

- Табын-табын тау іші,

Жеңгең сенің сауыншы.

Ірімшік, құрт, қаймақ, май

Жеңгеңнен келген ойлап қой.

 Құлыным, ботам, көжегім!

Кім боласың сен өзің?

Ж. Смақов

Ойыншықтар

Іші толған бөлменің,

Ойыншығым мол менің.

Босқа тізіп қоймайық,

Келе ғой, дос, ойнайық.

Мына тұрған арғымақ,

Мінем оған қарғып-ақ.

Тістемейді, теппейді,

Бос қойсаң да кетпейді.

Мына тұрған қояным,

Алдына жем қоямын.

Астың оған мәні жоқ,

Зытар еді - жаны жоқ.

Мына тұрған тиінім,

Шешпейді бір киімін.

Құйрығына мақтанып,

Отырады баптанып.

Қ. Мырза Әли

Ауылда

Бейбарыс пен Шолпан өзара әңгімелесіп отыр. Екеуі де жазғы демалыста ауылда болыпты.

- Ауылда атамның үйінде болдым, - деді Бейбарыс. - Алма, шие, өрік көп. Үйдің жанында өседі. Базарға барып әуре болмайсың. Сатып алмайсың. Керегінше жейсің.

- Мен әжемнің қасында жүрдім, - деді Шолпан. - Әжемнің үйінде тауық көп. Жұмыртқаны күніне жинап аламыз. Қуырып, қайнатып жедік. Бір тауық көп жұмыртқаны басып, шөжелерді ертіп шықты. Бәрі кіп-кішкентай. Сары, қара, қоңыр балапандар тауықтан қалмай, жүгіріп жүреді.

- Көршінің балаларымен балық ауладым. Екі балық ұстадым. Қармағымды ауылдағы атамның қой қорасына тығып қойдым. Ендігі жазда барғанда, сол қармақпен және де балық аулауға барамын, - деді Бейбарыс әңгімесін жалғай түсіп.

- Әжеммен тойға бардым. Адамдар көп жиналды. Бауырсақ, кәмпит, палау жедік, сорпа іштік.

- Тамақты есік алдындағы пешке пісірдік. Пешке отынды мен салдым. Атам әжеме су әкеліп берді. Әжем қазанға ет салды, су құйды. Кейін қамыр иледі. Оны жайып, қайнаған суға салды. Піскен соң, етті турап, жедік. Білесің бе, Шолпан, тамақты күн сайын даладағы пешке пісірдік.

Шолпан әңгімесін жалғастырды:

- Менің де әжем пешке от жағып, тамақ пісірді. «Астына от тиген қазанның дәмі тәтті болады», - дейді әжем. Әжемнің ала сиыры бар. Сүт сауады әжем. Мен сүт тола шелекті көтеремін. Күбіге айран құйып, май алады. Біраз майды жинап, маған беріп жіберді. «Қыста жейсің», - дейді.

- Атам маған киім әперді. «Мектепке барғанда киесің», - деді. Ет берген жоқ. «Күн ыстық, ет айнып кетеді. Қыста беріп жіберемін» дейді, - деді Бейбарыс ауылдан алған әсерімен бөлісуді жалғастыра түсіп.

Шолпан мен Бейбарыс едәуір әңгімелесті. Бір кезде Шолпан қуыршақ ойнаған бір топ қызға қосылды. Бейбарыс жерде жатқан допты қолына алып, жарыса жүгірген балалардың ішіне еніп кетті.

Н. Қадырбаев

Автобус

Зымырар қара жолда да,

Жайлауда, қырда, жонда да.

Бұрыла алар оңға да,

Бұрыла алар солға да.

Автобус - халық көлігі,

Көліктің жүрдек, берігі.

М. Әлімбай

Трамвай

Бұл - пойыздың інісі,

Жанға жайлы жүрісі.

Рельссіз жүре алмай,

Ренжиді трамвай.

Зауыттарға, құрылысқа,

Апарады шет-шетке,

Апарады жұмысқа,

Балабақшаға, мектепке.

М. Әлімбай

Сырганақ

Біз тебеміз сырғанақ,

Таудан төмен сырғанап.

Бір шанада екеуміз,

Құламайды екенбіз.

Ақ шанамыз зырлайды,

Ақ қар оны шыңдайды.

Біреу шаңғы тебеді,

Құйындатып келеді.

Сүйреп біреу шананы,

Тауға шығып барады.

Ол да қазір заулайды,

Тау басында тұрмайды.

Шанасына мінеді,

Мәз-мейрам боп күледі.

Жарысамыз бәріміз,

Жарасып түр сәніміз.

Ішік, пима, қолғап бар,

Арада жоқ тоңғақтар.

Баста қалың малақай,

Біз тоңбаймыз, алақай!

Сырғанаққа мығымбыз,

Шыныққанбыз, шымырмыз.

Таудан төмен сырғанап,

Біз тебеміз сырғанақ.

Б. Жаңып

Ормандағы шырша тойы

Руслан жақында алтыға толды. Ол ата-анасы, әжесімен бірге тұратын. Олардың кішірек ағаш үйі орманның шетінде орналасқан.

Жаңа жыл да жақындап қалды. Осы кезде Русланның үйіне қаладан қысқы демалысқа ағасы Тимур келді.

- Орманға барып, шыршаны безендірсек жақсы болар еді, - деді Тимур. - Әсем шыршаны ормандағы аңдар және құстар да көреді ғой!

- Біздің Тимур әрқашан бір нәрсені ойластырып жүреді! - деді әкесі. - Бірақ ормандағы аңдарға, құстарға шырша ойыншықтары керек емес. Оларға тамақ болса, дұрыс болар еді.

- Иә, дұрыс айтасыз! - деп Руслан мен Тимур қуанып қалды.

- Қараңдаршы, үйден алыс емес кішкентай шырша түр, соны безендірейік, - деді анасы.

Келесі күні балалар нан бөлкесін тілімдеп кесіп, жіпке іліп қойды.

- Ал қояндар үшін шыршаның төменгі жағына сәбіз бен орам жапырақ орналастырайық, - деді әкесі.

Дайын болған кезде барлығы кішкентай әдемі шыршаға келді. Шыршаның қарын сілкіп, әкелген заттарын іле бастады. Шыршаның ең жоғарғы жағына Руслан әкесінің иығына отырып, нанды ілді. Сөйтіп, шыршаны безендіріп, олар үйге көңілді оралды.

Келесі күні таңертең балалар тез киініп, терезеге жүгіріп келіп, сыртқа қарады.

Шыршада әдемі құстар іліп қойған нанды, кепкен жидектерді шоқып жеп отыр.

- Бұл  қандай құс? - деп сұрады Руслан.

- Білмеймін, - деді Тимур.

Осы кезде бөлмеге әкесі кіріп келді.

- Әке, қараңызшы, шыршадағы қандай құстар? - деді Руслан.

- Кеудесі қызыл құс - бұл ар суықторғайлар, - деді әкесі. Бір кезде шыршаға шымшық ұшып келді. Ол да бір тілім нанды жей бастады.

Кешке барлығы Жаңа жылды қарсы алды. Астан кейін анасы терезеге жақындап, балаларын шақырды:

- Тезірек, тезірек келіңдер, қараңдар!

Далада айлы түн еді. Қар жылтырап жатыр. Шырша жанында ұзын құлақты аңдар жүгіріп жүр. Бір кезде бір қоян артқы аяғымен отыра қалды.

- Қараңдар, қоян сәбіз жеп отыр! - деп таңғалды Руслан.

- Міне, енді тіпті жақсы болды, - деді Тимур. - Бөрі біздің тамаша шыршамызға келіп, қуанып жатыр. Тамаша!

Г. Скребицкий, В. Чаплина

Қысқы баспана

(ертегі)

Ертеде Бұқа, Қошқар, Шошқа, Мысық, Әтеш - бәрі орманды мекен етіпті. Жазда орман іші қандай көңілді! Бұқа мен Қошқар шөпке кенеледі. Мысық тышқан аулайды. Әтеш жидек теріп, құрттарды шоқып жейді. Шошқа ағаштың тамыры мен жаңғағын тамақ қылады. Бұл  достар осылай рақат өмір сүреді.

Жаз өтіп, күз болды. Орман іші суыта түсті. Бәрінен бұрын қыс қамын Бұқа ойлай бастады. Ол Қошқарға келіп:

- Кел, достым, қыс қамын істейік, баспана жасайық! - дейді.

- Жарайды, құп болады, - деді Қошқар. Бұқа мен Қошқар Шошқаға келіп:

- Жүр, қорсылдағым, үй салайық, - деді.

Шошқа келісе кетеді. Бұқа, Қошқар, Шошқа үшеуі келе жатып, Мысыққа кездеседі.

- Амансың ба, мысықбай! Жүр бізбен бірге, қыс қамын жасап, үй салайық!

Мысық та, Әтеш те келісе кетеді.

Бұл ар орман ішінен ыңғайлы жер табады. Бәрі бірлесіп жылы үй салады. Қыстық отын, жейтін тамақтарын да жинап алады. Қыс та келді. Қыс суың болғанмен, қыстық баспанасы бар достарға жылы көрінеді. Бұқа мен Қошқар үйге төселген тақтай еденде жатады. Шошқа тақтай еденнің астына жайғасады. Мысық пеш үстінде пырылдап, Әтеш сырғауылға қонақтайды. Достар уайымсыз өмір сүре береді.

Орман кезіп жүрген жеті аш қасқыр жаңа салынған үйді көреді.

Қасқырдың ішінде батылдау біреуі:

- Бауырларым, мен барып, бұл  үйде кімдер тұратынын біліп келейін. Егер кешіксем, көмекке келерсіңдер, — дейді.

Қасқыр үйге кіріп келгенде, көзі бірден Қошқарға түседі. Қасқырды көріп зәресі ұшқан Қошқар:

- Мә-ә-ә! Мә-ә-ә! Мә-ә-ә! - деп маңырап қоя береді. Әтеш қасқырды көріп, қанатын қағып:

- Ку-ка-реку!.. - деп шақырып жібереді. Мысық пеш үстінен секіріп түсіп:

- Мияу!.. Мияу! - деп мияулай бастайды.

Бұқа жүгіріп кеп, қасқырдың бүйіріне мүйізін қадап қалып:

- Мө-ө! Мө-ө! Мө-ө! - деп мөңіреп жібереді.

Шошқа еденнің астынан атып шығып, қаһарлана қорс-қорс етіп:

- Хрю! Хрю! Хрю! Қайсыңды жейін? - дейді.

Қасқыр әрең қашып құтылып, зытып келе жатып, жолдастарына:

- Ой, бауырларым, қашыңдар! - деп айқай салады. Қасқырлардың есі шығып, тым-тырақай қаша жөнеледі.

Шана

Күн бұлыңғыр. Жәнібек ұйқысынан ерте оянып алды. Сыртта не болып жатқанын байқайын деп терезе алдына келді. Өкшесін көтеріп еді, бойы жетіңкіремей, орындықты жылжытты да, үстіне шықты.

- Ой, қандай қызың болып кеткен! - деді ол сыртқа үңіліп. Айнала аппақ. Ұлпа қар тізіліп, асығыс жерге түсіп жатыр.

Үйдің мұржалары тұп-тура саңырауқұлақ болып қалыпты. Ағаш бұтақтары ақ шәлісін жамылған. Көрші үйдің есігінің алдында Самат шанасымен түр екен. Ол жан-жағына қарап, қарды тамашалады да, дөңге қарай бет алады. Өйткені демалыс күні балалардың бәрі сырғанақ маңына жиналатын. Ал Жәнібектің шанасы жоқ еді.

Ол өз-өзіне: «Қар кетіп қалатын болды ғой, ал менің шанам жоқ», - деп бұртиды.

Осылайша терезе алдында біраз тұрып, асүйге келді. Дастарқан басында әке-шешесі отыр екен.

- Балам, қабағың түсіп кетіпті ғой? - деді әкесі. Жәнібек әкесіне қарап:

- Кімде-кімнің баласы бар,

Барлығының да шанасы бар! - деді тақпақтап. Әкесі баласының тосын сөзіне сасып қалды. Ертеңінде Жәнібекке үсті қызыл, табаны күмістей жалтыраған шана сатып әкелді. Апасы оған:

- Енді сырғанақта күн ұзақ жүріп алмай, үйге кел. Үстің су болып ауырып қаласың, - деді.

- Жарайды! - деді Жәнібек. Оның қуанышында шек жоқ еді. Шанасын сүйретіп балаларға ілесті.

Г. Әзімбаева

Шынықсын денеміз

Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз,

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз.

Таяққа бау тағып,

Шаңғыңды майлап ал,

Биалай, малақай –

Бәрін де сайлап ал.

Жақсылап байқашы,

Аяғың тоңбай ма,

Жел үріп, қар кіріп,

Қойныңа толмай ма?

Желменен жарысып,

Сырғанақ тебеміз,

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз.

Б.Соқпақбаев

Аққала

Ауыл алды ақша қар,

Ақша қарда балалар

Соғып жатыр аққала.

Бірі - инженер, бірі - ұста,

Жалқауы жоқ жұмысқа.

Бірі әкеліп қар үйіп,

Бірі қарға су құйып,

Күліседі күлімдеп:

«Бітірейік», - деп қана.

Біреуі әйнек ойыпты,

Біреуі есік қойыпты,

Өздеріне шақ қана.

Ғ. Орманов

Қарлығаш пен Дәуіт

(ертегі)

Қарлығаш жардың қуысына ұя салып, балапан шығарыпты. Анасы азық әкелуге кеткенде, балапандары шыдамсыздана күтумен болады екен.

Бір күні қарлығаштың ұясына жылан өрмелеп бара жатты. Мұны көрген Қарлығаш шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздеді. Ұшып Көкекке барды.

- Көкек - ! Қайырымды Көкек! Балапандарымды жылан жейін деп жатыр, маған көмек бере гөр! - дейді жан - ұшыра.

- Мені Бүркіт қонаққа шақырып еді, уақытым жоқ, - деді Көкек кергіп.

Қарлығаш ұшып Қарғаға келді.

- Қарға-қарға! Досым Қарғажан, маған көмек бере гөр. Балапандарымды жылан жегелі жатыр, - деп зарлады Қарлығаш.

Қарға Қарлығашқа бұрылып қарамастан:

- Мен үйленейін деп жатырмын, мазамды алма! — деді маңғазданып.

Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келе жатқанда Дәуітті кездестіреді.

- Сүйкімді достым, неге зарлана жылайсың? - деп сұрады Дәуіт Қарлығаштан.

- Мен қалай жыламайын! Жауыз жылан балапандарымды жұтпақшы болып ұяма өрмелеп барады. Қайда барамын?! Не істеймін?! Не Көкек, не Қарға қанша жалынсам да көмекке жарамады.

- Олай болса, мен саған көмектесейін! Мені тезірек ұяңа жеткіз! - деді Дәуіт.

Қарлығаш қанатына Дәуітті отырғызып, екеуі көзді ашып жұмғанша ұяға жетті.

Қайсар Дәуіт ұяға жетіп қалған жыланды жардан құлатып жіберді. Сөйтіп, балапандарды аман алып қалды.

Дәуіттің ерлігіне сүйсінген Қарлығаш онымен айнымас дос болды.

Не сыйлау керек?

Көктемнің алғашқы күндері болатын. Балғын көкесіне еріп балабақшасына келе жатты.

- Ертең апаңның мерекесі. Оған сыйлық әзірледің бе? - деді көкесі жол - жөнекей. Балғын «білмеймін» дегендей басын қиқаң еткізді.

- Неге білмейсің? Сен енді жігітсің. Күзде мектепке барасың. Кешке дейін ойлан. Сосын ақылдасамыз.

Ол жұмысқа кетті. Балғын балабақшада қалып қойды. «Не сыйлау керек?» деп қайта-қайта ойланды. Ешнәрсе таба алмады. Терезе алдында гүл тұратын. Қып-қызыл, әдемі гүл. Соған көзі түсті. Қайта-қайта қарай береді. «Жұлып алып, апарып берсем, апам қуанады, ә!» - деді ол өзіне-өзі.

Бір кезде қараса, тәрбиеші апай оған су сеуіп жатыр екен. «Апайды ренжітуге болмайды ғой. Ертең - ақ гүлді іздейтіні сөзсіз».

- Гүлді жақсы көресің-ау, сірә? - деді апайы. - Иә.

Балғын басын изеді.

- Бүгін тіпті қасынан шықпай жүрсің ғой. Бала төмен қарады.

- Ертең мереке ғой. Апама не сыйлауға болады? - деді.

- Ә, солай ма?! - Апайы басынан сипады да, - Кел, онда екеулеп ақылдасайық. Мысалы, өзің не сыйлағың келеді? - деді.

- Қызыл гүл.

- Тіпті жақсы. Қазір ақ қағаз аламыз. Сонан соң гүлдің суретін саламыз. Түсін қызылға бояймыз. Сыйлық әзір.

Бала қуанып сала берді. Таңертеңнен ойлаған ойы тез шешілді. Көкесінен бұрынырақ тапқанына дән риза.

Бір сәт гүл де әзір болды. Оны әдемілеп қағазға орады. Көкесін көрген сәтте:

- Менің сыйлығым дайын! - деп, қуана жар салды. - Қызыл гүл беремін.

- Міне, азамат болды деген осы! - Көкесі оны арқасынан қақты.

Ж. Әлмашев

Наурыз тойы

Күн менен түн теңелді,

Жер шуаққа кенелді,

Соны тойлар ел енді.

Наурыз тойы - салтымыз,

«Көгерсін», - деп халқымыз,

Көшеге тал егеміз.

Жарқырап тұр күніміз,

Жайқалсын жас гүліміз,

Бақта бұлбұл  сайрасын.

Сәнді көктем нұрымен,

Наурыз тойы жырымен

Көңіл гүлдей жайнасын.

Ә. Табылды

Наурыз батасы

Ұлыс бақты болсын,

Әр күніміз жақсы болсын,

Достығымыз берік болсын,

Білім-өнер серік болсын!

Төлдер айтысы

(ертегі)

Бір жерге жиналған лақ, құлын, бұзау, қошақан мен бота «Біздің иеміз қайсымызды жақсы көреді?» - деп бір-бірінен сұрастырды.

Сонда лақ тұрып:

- Мә-ә, мә-ә, әрине, мені жақсы көреді. Адам біздің сүтімізді ішіп, түбітімізді киімге пайдаланады, - деді.

Сонда құлын бір кісінеп алды да:

- Лақ, сен орынсыз мақтанба. Бізден қазы-қарта, шұжық, қымыз алады. Адамның мініс көлігі де біз, - дейді.

Бұзау тұрып:

- Сендер босқа мақтанасыңдар, адам тіршілігіне ең қолайлы - сиыр малы. Бізден шелек - шелек сүт, қарын - қарын май, ірімшік алады. Иемізге бізден пайдалы түлік жоқ, - десе, қошақан тұрып:

- Сендер босқа мақтанасыңдар, нем мені жақсы көреді. Адам киетін киім-кешекке қажетті маталар, үйдегі төсеніш біздің жүнімізден жасалады, бізден пайдалысы жоқ, - дейді.

Бота тұрып:

- Бәріңнен де иеміз мені жақсы көреді. Бізден алатын шұбаттың емдік қасиетін айтсаңшы. Оған еш нәрсе жетпейді, - дейді.

Осы кезде адам:

- Төлдерім, сендер босқа таласпаңдар, әрқайсыңның өз орындарың бар, адам үшін бөрің де керексіңдер! - деді.

Сәруар

(ертегі)

Бір Сәруар деген батыл бала Айға ұшпақ болады. Сөйтіп, ол Айға өзімен бірге ұшатын жолдас іздейді. Алғаш «Осы денелі ғой, батыр да батыл әрі күшті ғой», - деген оймен Аюға келіп:

- Менімен бірге Айға ұшасың ба? - деп сұрайды. Аю біраз ойланып отырады да:

- Ол жақта мен жейтін бал бар ма екен? - дейді. Сәруар бұған ренжіп:

- Денең дәу болғанмен, өзің баланың сөзін айтасың, қорбаңбай неме, қорқақ екенсің ғой, - деп оны қайрай түседі.

Аю:

- Мен қорықпаймын, бірақ ол жақта бал болмаса, несіне барамын, - деп ақталады.

Сәруар:

- Қой, түйедей болғанша тәттіден басқа түк ойламайтын бұдан ештеңе шықпас, - деп, басқа дос іздеп, қайтадан жолға шығады.

Сөйтіп, тәттіқұмар қорбаңбай аюға ренжіп келе жатқанда, алдынан қасқыр кездеседі. Сәруар оны көргенде қуанып: «Азуы алты қарыс, тісі күректей, осы батыр да батыл шығар, бәлкім, осы барып қалар», - деп ойлайды. Сосын қасқырға жақындап:

- Менімен бірге Айға ұшасың ба? - деп сұрайды. Қасқыр шоқиып отыра қалып біраз ойланып алады да,

Сәруардың өзіне қарсы сұрақ қояды:

- Немен ұшамыз, үлкен самұрық құс ұстап алып, сонымен ұшамыз ба?

- Жоқ, кәдімгі Айға ұшатын ғарыш кемесімен ұшамыз.

- Оның ішінде тамақ бар ма?

- Әрине, бар!

- Қандай тамақ?

- Айға дейін біз екі күн ұшамыз, қайтуымызға да тағы екі күн керек. Сонда барып қайтуымыз төрт күнге созылады. Ал бізге бір айға жететін тамақ береді. Ол кәдімгі дәрі сияқты. Тек біреуін жесең болды, бір күн бойы тамақ ішпейсің, қарның да ашпайды, тойып қаласың.

- Жо-жоқ, бұл  маған ұнамайды, маған қарнымды шығарар қой мен қозы керек, бағлан керек, құлын керек!

- Әй, Қасеке - ай, ет - ет деп сенің - ақ тісің қышиды да тұрады екен. Егер саған тамаққа бір қой алып шықтық делік, сол жете ме?

- Төрт күнге ме? Төрт күнге бір-ақ қой ма, ойбай-ау, аштан өлемін ғой. Былай келіселік, төрт күнге төрт марка! Басқа ештеңе керек емес!

Осыны айтып қасекең ұзын сүйір қызыл тілімен екі езуін алма-кезек жалап-жалап қояды. Екі көзі оттай жайнап, қызарып шыға келіпті. Түнгі жарықтай жылт-жылт етеді.

- Жоқ, болмайды, Қасеке, төрт күнге төрт қой алсақ, өзіміз кішкене кеменің қай жеріне отырамыз, сыймаймыз ғой!

- Мен ендеше, қампиып қарным тоймайтын жерге бара алмаймын, балақай!

Сәруар қасқырдан да береке болмасын білген соң, өзіне лайықты серік іздеп тағы да жолға шығады.

Бәріне ренжіп, шаршап келе жатқан батыр бала Сәруардың алдынан Түкең, кәдімгі түлкі кездесе кетеді.

- Сәлем, балақай!

Ол өзі бірінші болып сәлем беріп, ұзын сұлу құйрығын бұлғаң - бұлғаң еткізіп, ойнатып қойды.

- Иә, жол болсын, есімің кім, жолаушы бала, жақсы бала?

- Әлей болсын, есімім - Сәруар, әкем аты — Дәуір.

- Қандай шаруамен қайда барасың, айта отыр, қалқам, көмегім тиіп қалар?

- Айға сапар шекпек едім. Соған өзіммен бірге серік болып баратын жолдас іздеп келемін. Сіз маған серік болмас па екенсіз?

Түкең екі көзін жұмып жіберіп, шоқиып отыра қалады да, біраз ойланып көреді. Содан жұлып алғандай:

- Онда тауықтар бар ма екен? - деп сұрайды. Өзі қайта-қайта жұтына береді, екі көзі от боп жайнап кеткен.

- Айда тауық бар ма, жоқ па, оны барған соң көреміз. Біздің негізгі мақсатымыз да сол — Айға барып, онда тіршіліктің бар-жоғын анықтау. Бар болса, оны зерттеу.

- Қойыңыз, балақай, ол жақта тіршілік болмаса, аштан өліп қалып жүрермін. Бірер тауық ала барсақ қайтеді. Семізінен таңдап алайық. Онда барар едім...

Сәруар Түкеңнің ойын түсініп қалады. Түлкінің ойы тегін тамақ жеп, қыдырып қайту ғана еді. Сондықтан да оған:

- Айға менімен бірге ұшасың ба, ұшпайсың ба, бұл аңдатпай турасын айт! - дейді.

Түлкі ойланбастан:

- Ол жақта тауық болса ғана барамын! - деп міңгірлейді.

- Тауық жоқ!

- Тауықсыз жерге мен де бармаймын!

Сәруар балдан басқа ойлайтыны жоқ қорбаңбай аюдың, азуы алты қарыс ашқарақ қасқырдың, алпыс айлалы қу түлкінің тек өз бастарының ғана қамын ойлайтынына қатты ашуланады. Сөйтіп, ренжіп келе жатқанында, алдынан желаяқ қоян кездесе кетеді. Екі көзі адырайып, екі құлағы едірейіп, мұрты мен мұрны қоса жыбырлап түр. Өзі аптыға сөйлейді.

- Сә-сә... Сә... сәлеметсіз бе?

- Амансың ба, сүр көжек, қайда асығып барасың?

- Өзім де білмеймін, жаңа қалың қамыстың арасында ұйықтап жатыр едім, бірдеңенің сылдыр ете түскені. Шамасы, қасқыр-ау деймін. Содан қашып, жеткізбей келе жатқан бетім.

- Қасқырды өз көзіңмен көрдің бе?

- Артыма қарағаным жоқ, қорықтым...

- Онда қамысты сылдырлатқан жел шығар?

- Білмеймін, қорқып кеттім, жүрегім әлі дүрсілдеп түр.

- Менің атым - Сәруар, әкем аты - Дәуір. Айға ұшатын болып, бірге ұшатын серік іздеп келемін!

Сәруар мұны айтқанда, қоянның екі көзі ұясынан шығып кете жаздады.

- Қорқамын, - дейді.

- Ал мен қорықпаймын. Сені де ала барайын, маған серік боласың ба?

Қоян ыршып түседі. Сөйтеді де, екі құлағын салбыратып жіберіп, шоқиып отыра қалып ойға батады. Әлден уақытта барып:

- Қорқамын, - дейді.

- Неден? - деп сұрайды Сәруар.

- Бұлттан, - дейді қоян.

- Бұлттан да қорқа ма екен, бұлт деген түтін сияқты емес пе? - дейді Сәруар.

- Иә саған, өйтіп мені алдама, - дейді қоян Сәруардың сөзіне сенбей. - Онда ол бұлттар неге кейде қасқырға, кейде аюға, кейде түлкіге ұқсайды?

- Бұлтты жел ұшырады. Ол ұшқан кезде неше түрлі кейіпке келеді. Кейде адамға, тауларға, құстарға, қасқырға да ұқсай береді. Ал «Қорыққанға қос көрінер» дегендей, саған қасқыр боп көрінеді екен ғой... Егер Айға ұшып барсаң, бұлттың түтін екенін өз көзіңмен көрер едің.

- Қорқам, - дейді қоян одан сайын қалтырап.

- Тағы неден қорқасың?

- Ол жақта қасқыр бар шығар?

- Қасқыр жоқ!

- Сонда да қорқам...

- Неден қорқасың?

- Түлкі бар шығар?

- Түлкі де жоқ.

- Сонда да қорқам...

- Неден?

- Ғарыш кемесінен...

- Неге?

- Құлап қалатын шығар?

Сәруар қоянның бұл  сөзіне ішегі түйілгенше күлді. Сосын қоянға өзінің көлеңкесін көрсетіп: «Ой, мынау құлағы қалқайған не мақұлық?» - деп, әдейі орнынан ыршып түсті. Сол кезде қоян өз көлеңкесінен өзі қорқып, алды-артына қарамастан, зуылдап зытып берді.

- Ой, қорқақ, қорқақ! - деп айқайлайды Сәруар қоянның соңынан, - Қорқақ, сен Айға қайдан барайын деп едің, мына түріңмен жолда жүрегің жарылып өліп қаларсың!

Сәруар кездескен аңдардың бәрі өзіне серік бола алмайтынын білген соң, еліне қайтады. Таудан соң, таудан асып, белден соң, белге жетеді. Орманнан - орманға кіріп, мұхиттан - мұхитқа, теңізден - теңізге кездеседі. Бәрінен де аман өтеді. Еліне жетеді.

Еліне жетіп, үйіне жақындағанда, алдынан пыр-пыр еткен пысық мысығы мен күшігі Саққұлақ шығады.

- Көп кешіктің ғой, қайда болдың? Біз сені сағындық, - дейді олар Сәруарға еркелеп. Сәруар болған жағдайдың бәрін тегіс айтып береді. Сонда пыр-пыр еткен пысық мысығы мен Саққұлақ күшігі:

- Айға сенімен біз ұшамыз, бірге ұшамыз, алақай, бірге ұшамыз! - деп шуылдап қоя береді.

Сөйтіп, Сәруар пыр-пыр еткен пысық мысығы мен Саққұлақ күшігін алып, Айға ұшып барып, аман-есен еліне қайтып оралыпты.

С. Оспанов

Тоқтар батыр

Айналады ел бір сенен,

Есіміңді білсе әлем.

Ғарышқа ұшқан қазақтың

Тұңғышына бір сәлем!

Жаз

Жазым келді жарқылдап,

Қазым келді қаңқылдап.

Гүлге қонды көбелек,

Қос қанаты қалтылдап.

Сүйіп күннің шапағын,

Тау шешті аң шапанын.

Күлтеленді қурайлар,

Төгіп бұйра шашағын.

Жаңбыр жуса жас талды,

Гүл қауызын ашқан-ды.

Кең жайлаудың төсінде

Қызық-думан басталды.

Н. Айтов


По теме: методические разработки, презентации и конспекты

Разроботка ГМС

подготовка к аттестации...

методическая разроботка

[[{"type":"media","view_mode":"media_large","fid":"4718285","attributes":{"alt":"","class":"media-image","height":"480","width":"292"}}]]...

методическая разроботка по теме "Кукла Тихеевой" 1 младшая группа

Конспект НОД для группы раннего возраста с использованием методического пособия «Кукла Е.И. Тихеевой».(является методической разработкой для группы раннего возраста Лапиной Ирины Владимировны).Цель:...

Көркем әдебиет разроботка

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАР...

Көркем әдебиет хрестоматиясы

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР...

Көркем әдебиет хрестоматиясы

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР...