Көркем әдебиет хрестоматиясы
учебно-методический материал по развитию речи (подготовительная группа) по теме

Таласбаева Айдана Сержанкызы

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН

ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА

АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР

 

Скачать:

ВложениеРазмер
Файл korkem_debiet_khrestomatiya.docx41.46 КБ

Предварительный просмотр:

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН

ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА

АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР

Оқу құралдары хикаясы

(ертегі)

Биыл Жанатбек бірінші сыныпқа барады. Анасы оған оқу құралдарын сатып әперді. Жаңа сөмке, қызыл қапты әдемі қаламсауыты болды. Дәптерді әкелген күні-ақ шимайлап сурет салып тастады. Анасы оған ұрысып еді, атасы:

- Жанатжан кішкентай ғой. Қайдан білсін? - деді қорғаштап.

Түн болды. Бәрі ұйқыға кетті. Оқу құралдары үстел үстінде қалды. Қалам шимайланған Дәптерді мазақ етіп күлді. Дәптер жылап қоя берді.

Қаламсауыт:

- Біздің иеміз оған сурет салды ма?

- Салды! - деді бәрі хормен.

- Салса, немен салды? - деді Қаламсауыт.

- Қаламмен! - деді Қалам.

- Ендеше Дәптердің жауы сенсің! - деді Қаламсауыт.

- Қарындаш пен Қалам Қаламсауытта жатады. Қаламсауыт болмаса Қарындаш пен Қалам жоғалады. Мен оларды өшіремін, - деді Өшіргіш.

- Мен болмасам, сен де жоғаласың, - деді Қаламсауыт.

- Сенің досың - Кітап. Ал иеміз оны алған жоқ. Сондықтан сенің сөзіңді жақтайтын жанашыр да жоқ, — деді Қалам. Сөйтіп, Дәптерге бәрі үстемдік көрсетті.

Таң атты. Бүгін Жанатбек мектепке барады. Ол өте қуанышты еді. Жанатбек киініп, оңу құралдарын салған сөмкесін алып, атасымен мектепке келді. Мұғалімдермен танысты. Мұғалім балаларға кітап таратты. Жанатбек кітаптарды сөмкесіне салды. Кітаптар Қаламсауытты басып қалды. Дәптер оған күлді. Кітап:

- Дәптер, сен неге күлесің?

Дәптер кешегі оқиғаны баяндады. Кітап өзінің олардан ақылдылығын көрсетіп:

- Сендер, бәрің бір адамның затысыңдар. Біріңмен бірің байланыстысыңдар. Дәптерге жазу-сызу үшін қалам, қарындаш керек. Керек емес сызықты өшіруге өшіргіш керек. Біз барлығымыз оқу құралдарымыз. Иеміздің жақсы оқушы болуына бірлесіп көмек берейік, - деді.

Кітаптың ақылын бәрі мақұлдап, енді бір-бірін тыңдап, тату болуға келісті. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген осы.

А. Хамзаұлы

Қайырымды қоян

( ертегі)

Мейрам күні әке-шешесі кішкене баласын қонақ шақырып келуге жұмсайды. «Ана ағаңды, мына атаңды, әне бір жездеңді шақыр...» - деп, екеуі көптеген адамның атын айтады.

Бала көшеге шығысымен-ақ шақыр деген кісілерінің аты-жөнін ұмытып қалады. Үйге барып, қайыра сұрауға бата алмайды. Ол тұрып-тұрып: «Ауылдың адамын тегіс шақырайын, солармен шақыр деген адамдары да келер», - деп ойлайды. Сөйтіп, ол үй біткеннің бәріне кіріп, ауыл адамдарын тегіс қонаққа шақырады. Барлығы да шақырғанына риза болып, келетіндіктерін айтады. Бала үйіне қайтады.

Түсте қонақтың алды жинала бастайды. Ауылдың барлық адамы жиналып, енді тек дастарқанның жайылуын күтеді.

Баланың әке-шешесі жиылған жұртты көргенде шошып кетіп:

- Мұнысы несі? Мұнша жұртқа тамақты қалай жеткіземіз? - дейді.

Бала шақыр деген адамдарын ұмытып қалғандықтан, үйге кел деп жұртқа түгел хабар бергенін мойнына алады.

Жұрт дастарқанның жайылуын сарғая күтумен болады. Ақыры әке-шешесі үйдегі барлық тамақты дастарқанға қояды. Бірақ онысы жиын топқа аздық етеді.

- Өзің бүлдірген істі өзің жөнде! - деп ата-анасы баласына ренжиді.

Бала көз жасын сорғалата үйден атып шығып, тоғайға кетіп қалады. Ағаш түбіне отырып, ағыл-тегіл жылайды.

Кенет ескі досы - қоян жүгіріп оның қасына келеді. Бұл  қоянды ол кішкене көжек уақытында тауып алып, үйінде бағып өсірген соң, тоғайға алып келіп қоя берген болатын.

Бала өз жайын қоянға айтып береді.

Қоян артқы аяғына шоқиып отырып, қалқан құлағымен бәрін тыңдап алады, сонан кейін алдыңғы екі аяғымен баланың қолынан ұстайды да:

- Жарайды, қапаланба, достым! Үйіңе қайт, бәрі де жақсы болады, - дейді. Соның артынша тоғайға кіріп жоқ болады.

Қоянның айтқан ақылын алып, бала аулына қайтады. Үйіне келсе, дастарқандағы асты ішіп-жеп болған қонақтар тары да тамақ дәметіп отыр. Кейбіреулері үй иесіне келіп, ұрса бастайды. Ашуланған біреулері:

- Беретін еш нәрсең болмаған соң, қонақ шақырып нең бар еді?! - дейді.

Осы кезде қонақтың біреуі терезеден сыртқа көз жіберіп шошып кетеді де, серіктерін қасына шақырады. Алғашында бәрінің де зәре-құты қалмағанмен, артынша жүректерін тоқтатып, олар да қайран қалады. Көше түрлі аңдарға толып кетіпті, барлығының да көтерген жүгі бар, тура үйге қарай келе жатады.

Аюлар балды қораға кеспек - кеспегімен домалатып әкеліп кіргізеді. Қасқырлар бірнеше тұтас қойдың етін әкеледі. Бұғылар мүйізіне іліп шелек - шелек сүт әкеледі. Түлкілер тауық пен қоян етін алып келеді, тиін мен қояндар шелек - шелек жаңғақ пен жидек теріп әкеледі. Баланың үйіне осы тағамның бәрін әкелуді өзінің ормандағы достарынан өтінген қоян еді. Ол қонақтарға өзін бала қалай асырап өсіргенін, сосын тоғайға қалай апарып қоя бергенін түгел айтады.

Аңдар әкелген тамақтарын қораға үйіп-төгеді де, жұбын жазбай, қайтадан тоғайға кетіп қалады. Таң қалған қонақтар үндей алмай, ауыздарын ашып тұрып қалады.

Әке-шешесі қуанғаннан не істерін білмейді. Ал бала ол екеуінен де бетер қуанып, қоян досына риза болады.

Алма

Қоңыр күз мезгілі еді. Ағаштың жапырақтары түсіп, тек жабайы алма ағашының басында жалғыз алма қалыпты.

Осы кезде орман аралап жүрген Қоян алманы байқап қалады. Оны қалай алуға болады? Алма өте биікте - секіріп жете алмайсың!

- Қарқ-қарқ!

Шырша бұтағында отырған Қарға Қоянның қылығына сырттай күліп отырады. Оны көрген Қоян:

- Ей, Қарға! Маған алманы үзіп берші! - дейді.

Қарға ағаш басына ұшып барып, алманы үзіп алады. Бірақ тұмсығымен алманы қармап ұстай алмай, жерге түсіріп алды.

- Рақмет саған, Қарға! - деді де Қоян алманы жерден көтермек болады.

Ал жерге түскен алма жаны бардай, дыбыс шығарып, қозғалып жүгіре жөнеледі.

- Бұл  қалай?

Қорқып кеткен Қоян алмасының ағаш түбінде ұйықтап жатқан кірпінің үстіне құлағанын түсініп:

- Тоқта, тоқта! - деп айғайлайды. - Менің алмамды қайда алып бара жатырсың?

Кірпі:

- Бұл  - менің алмам! Ол төбеден құлады, ал мен оны ұстап алдым.

Қоян да қояр емес:

- Алмамды қайтарып бер. Оны тауып алған - мен! Таласып жатқан оларға Қарға қосылады:

- Босқа таласасыңдар, алма менікі! Мен оны өзім үшін үзіп алғанмын, - деді ол өтірік - шының араластыра.

Олар бір-бірімен түсінісе алмай, алманы әрі тартып, бері тартып, у-шу болды.

Орман іші айғайдан ызы-қиқы болып кетеді. Қарға тұмсығымен Кірпіні шоқып, Кірпі инесімен Қоянды піскілеп, ал Қоян Қарғаны аяғымен тебеді...

Сол кезде қорбаңбай Аю келіп қалады.

- Бұл  не айғай шу? Мазамды алдыңдар ғой! Бәрі оған жақындап:

- Сен, Аю, біздің ормандағы ең үлкені әрі ең ақылдымызсың. Сондықтан бізге алманың кімдікі екенін айтып берші, - дейді олар төрелігін сұрап.

Олар Аюға оқиғаның қалай болғандығын баяндайды. Аю ойланып тұрып, сұрақ қойды:

- Алманы кім тапты?

- Мен, - деді Қоян.

- Алманы кім үзіп алды?

- Мен! - деп қарқ етті Қарға.

- Жақсы. Кім оны ұстап алды?

- Мен ұстап алдым! - деп шиқылдады Кірпі.

- Мінекей, бәрің де дұрыс айтасыңдар, өйткені әрқайсың алманы алу үшін еңбектендіңдер! Алма бәріңдікі.

- Алма біреу ғана ғой! - деді Кірпі, Қоян Қарға түк түсінбей.

- Бұл  алманы теңдей бөліңдер. Әрқайсысың бір-бір бөлігін алыңдар! - деді Аю.

Мұны естіп, бәрі қуанып кетті:

- Бағанадан бері біз босқа таласқан екенбіз ғой!

Кірпі алманы төрт бөлікке бөлді. Қоянға бір бөлігін берді:

- Бұл  саған, Қоян, сен алманы бірінші көрдің! Екінші бөлігін Қарғаға берді:

- Бұл  саған, Қарға, сен алманы үзіп алдың! Үшінші бөлігін Кірпі арқасына салып алды:

- Бұл  маған, өйткені алманы ұстап алған - Мен! Кірпі төртінші бөлігін Аюға берді:

- Бұл  саған, Аю!

- Маған не үшін? - деп таңғалды Аю.

- Сен бізге ақыл айтып, татуластырдың! - деді ол риза кейіппен.

Әрқайсысы өзіне' берілген алманың бөлігін жеп, риза болды, өйткені Аю ешкімді ренжітпей, дұрыс, әділ шешім шығарған еді. «Береке басы - бірлікте» деген сөз осыдан қалған көрінеді.

Е. Сүтеев

Сен бақытты ұлансың

Анаң - күнің, жүрегің,

Әкең - өмір тірегің.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Әжең - асыл ардағың,

Атаң - дана қорғаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Ағаң - қамқор асқарың,

Інің - мөлдір аспаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Қарындасың - қанатың,

Ел-Отаның - жаннатың.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

М.Қуанышбеков

Айтшы, әжетай

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Атам осы кім менің?

- Атаң атты баптаған,

Бәйге бермес Ақтабан.

Құстай сергек ұйқысы,

Атаң сенің - жылқышы.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Ағатайым кім менің?

- Қаймақ, тоқаш, ақ нанның,

Білесің тәтті бал дәмін,

Егіншіні есіңе ал,

Ағаң сенің - егінші.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Апатайым кім менің?

- Мақтансаң сен басқаға,

Апаңды естен тастама,

Жүз баланың анасы,

Тәрбиеші ол бақшада.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Нағашым осы кім менің?

- Әдемі пәлте жағасын,

Айтшы, қайдан аласың?

Қаракөл қойын өсіріп,

Әперген сенің нағашың.

- Айтшы, әжетай, әжетай!

Жеңгем осы кім менің?

- Табын-табын тау іші,

Жеңгең сенің сауыншы.

Ірімшік, құрт, қаймақ, май

Жеңгеңнен келген ойлап қой.

 Құлыным, ботам, көжегім!

Кім боласың сен өзің?

Ж. Смақов

Ойыншықтар

Іші толған бөлменің,

Ойыншығым мол менің.

Босқа тізіп қоймайық,

Келе ғой, дос, ойнайық.

Мына тұрған арғымақ,

Мінем оған қарғып-ақ.

Тістемейді, теппейді,

Бос қойсаң да кетпейді.

Мына тұрған қояным,

Алдына жем қоямын.

Астың оған мәні жоқ,

Зытар еді - жаны жоқ.

Мына тұрған тиінім,

Шешпейді бір киімін.

Құйрығына мақтанып,

Отырады баптанып.

Қ. Мырза Әли

Ауылда

Бейбарыс пен Шолпан өзара әңгімелесіп отыр. Екеуі де жазғы демалыста ауылда болыпты.

- Ауылда атамның үйінде болдым, - деді Бейбарыс. - Алма, шие, өрік көп. Үйдің жанында өседі. Базарға барып әуре болмайсың. Сатып алмайсың. Керегінше жейсің.

- Мен әжемнің қасында жүрдім, - деді Шолпан. - Әжемнің үйінде тауық көп. Жұмыртқаны күніне жинап аламыз. Қуырып, қайнатып жедік. Бір тауық көп жұмыртқаны басып, шөжелерді ертіп шықты. Бәрі кіп-кішкентай. Сары, қара, қоңыр балапандар тауықтан қалмай, жүгіріп жүреді.

- Көршінің балаларымен балық ауладым. Екі балық ұстадым. Қармағымды ауылдағы атамның қой қорасына тығып қойдым. Ендігі жазда барғанда, сол қармақпен және де балық аулауға барамын, - деді Бейбарыс әңгімесін жалғай түсіп.

- Әжеммен тойға бардым. Адамдар көп жиналды. Бауырсақ, кәмпит, палау жедік, сорпа іштік.

- Тамақты есік алдындағы пешке пісірдік. Пешке отынды мен салдым. Атам әжеме су әкеліп берді. Әжем қазанға ет салды, су құйды. Кейін қамыр иледі. Оны жайып, қайнаған суға салды. Піскен соң, етті турап, жедік. Білесің бе, Шолпан, тамақты күн сайын даладағы пешке пісірдік.

Шолпан әңгімесін жалғастырды:

- Менің де әжем пешке от жағып, тамақ пісірді. «Астына от тиген қазанның дәмі тәтті болады», - дейді әжем. Әжемнің ала сиыры бар. Сүт сауады әжем. Мен сүт тола шелекті көтеремін. Күбіге айран құйып, май алады. Біраз майды жинап, маған беріп жіберді. «Қыста жейсің», - дейді.

- Атам маған киім әперді. «Мектепке барғанда киесің», - деді. Ет берген жоқ. «Күн ыстық, ет айнып кетеді. Қыста беріп жіберемін» дейді, - деді Бейбарыс ауылдан алған әсерімен бөлісуді жалғастыра түсіп.

Шолпан мен Бейбарыс едәуір әңгімелесті. Бір кезде Шолпан қуыршақ ойнаған бір топ қызға қосылды. Бейбарыс жерде жатқан допты қолына алып, жарыса жүгірген балалардың ішіне еніп кетті.

Н. Қадырбаев

Автобус

Зымырар қара жолда да,

Жайлауда, қырда, жонда да.

Бұрыла алар оңға да,

Бұрыла алар солға да.

Автобус - халық көлігі,

Көліктің жүрдек, берігі.

М. Әлімбай

Трамвай

Бұл - пойыздың інісі,

Жанға жайлы жүрісі.

Рельссіз жүре алмай,

Ренжиді трамвай.

Зауыттарға, құрылысқа,

Апарады шет-шетке,

Апарады жұмысқа,

Балабақшаға, мектепке.

М. Әлімбай

Сырганақ

Біз тебеміз сырғанақ,

Таудан төмен сырғанап.

Бір шанада екеуміз,

Құламайды екенбіз.

Ақ шанамыз зырлайды,

Ақ қар оны шыңдайды.

Біреу шаңғы тебеді,

Құйындатып келеді.

Сүйреп біреу шананы,

Тауға шығып барады.

Ол да қазір заулайды,

Тау басында тұрмайды.

Шанасына мінеді,

Мәз-мейрам боп күледі.

Жарысамыз бәріміз,

Жарасып түр сәніміз.

Ішік, пима, қолғап бар,

Арада жоқ тоңғақтар.

Баста қалың малақай,

Біз тоңбаймыз, алақай!

Сырғанаққа мығымбыз,

Шыныққанбыз, шымырмыз.

Таудан төмен сырғанап,

Біз тебеміз сырғанақ.

Б. Жаңып

Ормандағы шырша тойы

Руслан жақында алтыға толды. Ол ата-анасы, әжесімен бірге тұратын. Олардың кішірек ағаш үйі орманның шетінде орналасқан.

Жаңа жыл да жақындап қалды. Осы кезде Русланның үйіне қаладан қысқы демалысқа ағасы Тимур келді.

- Орманға барып, шыршаны безендірсек жақсы болар еді, - деді Тимур. - Әсем шыршаны ормандағы аңдар және құстар да көреді ғой!

- Біздің Тимур әрқашан бір нәрсені ойластырып жүреді! - деді әкесі. - Бірақ ормандағы аңдарға, құстарға шырша ойыншықтары керек емес. Оларға тамақ болса, дұрыс болар еді.

- Иә, дұрыс айтасыз! - деп Руслан мен Тимур қуанып қалды.

- Қараңдаршы, үйден алыс емес кішкентай шырша түр, соны безендірейік, - деді анасы.

Келесі күні балалар нан бөлкесін тілімдеп кесіп, жіпке іліп қойды.

- Ал қояндар үшін шыршаның төменгі жағына сәбіз бен орам жапырақ орналастырайық, - деді әкесі.

Дайын болған кезде барлығы кішкентай әдемі шыршаға келді. Шыршаның қарын сілкіп, әкелген заттарын іле бастады. Шыршаның ең жоғарғы жағына Руслан әкесінің иығына отырып, нанды ілді. Сөйтіп, шыршаны безендіріп, олар үйге көңілді оралды.

Келесі күні таңертең балалар тез киініп, терезеге жүгіріп келіп, сыртқа қарады.

Шыршада әдемі құстар іліп қойған нанды, кепкен жидектерді шоқып жеп отыр.

- Бұл  қандай құс? - деп сұрады Руслан.

- Білмеймін, - деді Тимур.

Осы кезде бөлмеге әкесі кіріп келді.

- Әке, қараңызшы, шыршадағы қандай құстар? - деді Руслан.

- Кеудесі қызыл құс - бұл ар суықторғайлар, - деді әкесі. Бір кезде шыршаға шымшық ұшып келді. Ол да бір тілім нанды жей бастады.

Кешке барлығы Жаңа жылды қарсы алды. Астан кейін анасы терезеге жақындап, балаларын шақырды:

- Тезірек, тезірек келіңдер, қараңдар!

Далада айлы түн еді. Қар жылтырап жатыр. Шырша жанында ұзын құлақты аңдар жүгіріп жүр. Бір кезде бір қоян артқы аяғымен отыра қалды.

- Қараңдар, қоян сәбіз жеп отыр! - деп таңғалды Руслан.

- Міне, енді тіпті жақсы болды, - деді Тимур. - Бөрі біздің тамаша шыршамызға келіп, қуанып жатыр. Тамаша!

Г. Скребицкий, В. Чаплина

Қысқы баспана

(ертегі)

Ертеде Бұқа, Қошқар, Шошқа, Мысық, Әтеш - бәрі орманды мекен етіпті. Жазда орман іші қандай көңілді! Бұқа мен Қошқар шөпке кенеледі. Мысық тышқан аулайды. Әтеш жидек теріп, құрттарды шоқып жейді. Шошқа ағаштың тамыры мен жаңғағын тамақ қылады. Бұл  достар осылай рақат өмір сүреді.

Жаз өтіп, күз болды. Орман іші суыта түсті. Бәрінен бұрын қыс қамын Бұқа ойлай бастады. Ол Қошқарға келіп:

- Кел, достым, қыс қамын істейік, баспана жасайық! - дейді.

- Жарайды, құп болады, - деді Қошқар. Бұқа мен Қошқар Шошқаға келіп:

- Жүр, қорсылдағым, үй салайық, - деді.

Шошқа келісе кетеді. Бұқа, Қошқар, Шошқа үшеуі келе жатып, Мысыққа кездеседі.

- Амансың ба, мысықбай! Жүр бізбен бірге, қыс қамын жасап, үй салайық!

Мысық та, Әтеш те келісе кетеді.

Бұл ар орман ішінен ыңғайлы жер табады. Бәрі бірлесіп жылы үй салады. Қыстық отын, жейтін тамақтарын да жинап алады. Қыс та келді. Қыс суың болғанмен, қыстық баспанасы бар достарға жылы көрінеді. Бұқа мен Қошқар үйге төселген тақтай еденде жатады. Шошқа тақтай еденнің астына жайғасады. Мысық пеш үстінде пырылдап, Әтеш сырғауылға қонақтайды. Достар уайымсыз өмір сүре береді.

Орман кезіп жүрген жеті аш қасқыр жаңа салынған үйді көреді.

Қасқырдың ішінде батылдау біреуі:

- Бауырларым, мен барып, бұл  үйде кімдер тұратынын біліп келейін. Егер кешіксем, көмекке келерсіңдер, — дейді.

Қасқыр үйге кіріп келгенде, көзі бірден Қошқарға түседі. Қасқырды көріп зәресі ұшқан Қошқар:

- Мә-ә-ә! Мә-ә-ә! Мә-ә-ә! - деп маңырап қоя береді. Әтеш қасқырды көріп, қанатын қағып:

- Ку-ка-реку!.. - деп шақырып жібереді. Мысық пеш үстінен секіріп түсіп:

- Мияу!.. Мияу! - деп мияулай бастайды.

Бұқа жүгіріп кеп, қасқырдың бүйіріне мүйізін қадап қалып:

- Мө-ө! Мө-ө! Мө-ө! - деп мөңіреп жібереді.

Шошқа еденнің астынан атып шығып, қаһарлана қорс-қорс етіп:

- Хрю! Хрю! Хрю! Қайсыңды жейін? - дейді.

Қасқыр әрең қашып құтылып, зытып келе жатып, жолдастарына:

- Ой, бауырларым, қашыңдар! - деп айқай салады. Қасқырлардың есі шығып, тым-тырақай қаша жөнеледі.

Шана

Күн бұлыңғыр. Жәнібек ұйқысынан ерте оянып алды. Сыртта не болып жатқанын байқайын деп терезе алдына келді. Өкшесін көтеріп еді, бойы жетіңкіремей, орындықты жылжытты да, үстіне шықты.

- Ой, қандай қызың болып кеткен! - деді ол сыртқа үңіліп. Айнала аппақ. Ұлпа қар тізіліп, асығыс жерге түсіп жатыр.

Үйдің мұржалары тұп-тура саңырауқұлақ болып қалыпты. Ағаш бұтақтары ақ шәлісін жамылған. Көрші үйдің есігінің алдында Самат шанасымен түр екен. Ол жан-жағына қарап, қарды тамашалады да, дөңге қарай бет алады. Өйткені демалыс күні балалардың бәрі сырғанақ маңына жиналатын. Ал Жәнібектің шанасы жоқ еді.

Ол өз-өзіне: «Қар кетіп қалатын болды ғой, ал менің шанам жоқ», - деп бұртиды.

Осылайша терезе алдында біраз тұрып, асүйге келді. Дастарқан басында әке-шешесі отыр екен.

- Балам, қабағың түсіп кетіпті ғой? - деді әкесі. Жәнібек әкесіне қарап:

- Кімде-кімнің баласы бар,

Барлығының да шанасы бар! - деді тақпақтап. Әкесі баласының тосын сөзіне сасып қалды. Ертеңінде Жәнібекке үсті қызыл, табаны күмістей жалтыраған шана сатып әкелді. Апасы оған:

- Енді сырғанақта күн ұзақ жүріп алмай, үйге кел. Үстің су болып ауырып қаласың, - деді.

- Жарайды! - деді Жәнібек. Оның қуанышында шек жоқ еді. Шанасын сүйретіп балаларға ілесті.

Г. Әзімбаева

Шынықсын денеміз

Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз,

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз.

Таяққа бау тағып,

Шаңғыңды майлап ал,

Биалай, малақай –

Бәрін де сайлап ал.

Жақсылап байқашы,

Аяғың тоңбай ма,

Жел үріп, қар кіріп,

Қойныңа толмай ма?

Желменен жарысып,

Сырғанақ тебеміз,

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз.

Б.Соқпақбаев

Аққала

Ауыл алды ақша қар,

Ақша қарда балалар

Соғып жатыр аққала.

Бірі - инженер, бірі - ұста,

Жалқауы жоқ жұмысқа.

Бірі әкеліп қар үйіп,

Бірі қарға су құйып,

Күліседі күлімдеп:

«Бітірейік», - деп қана.

Біреуі әйнек ойыпты,

Біреуі есік қойыпты,

Өздеріне шақ қана.

Ғ. Орманов

Қарлығаш пен Дәуіт

(ертегі)

Қарлығаш жардың қуысына ұя салып, балапан шығарыпты. Анасы азық әкелуге кеткенде, балапандары шыдамсыздана күтумен болады екен.

Бір күні қарлығаштың ұясына жылан өрмелеп бара жатты. Мұны көрген Қарлығаш шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздеді. Ұшып Көкекке барды.

- Көкек - ! Қайырымды Көкек! Балапандарымды жылан жейін деп жатыр, маған көмек бере гөр! - дейді жан - ұшыра.

- Мені Бүркіт қонаққа шақырып еді, уақытым жоқ, - деді Көкек кергіп.

Қарлығаш ұшып Қарғаға келді.

- Қарға-қарға! Досым Қарғажан, маған көмек бере гөр. Балапандарымды жылан жегелі жатыр, - деп зарлады Қарлығаш.

Қарға Қарлығашқа бұрылып қарамастан:

- Мен үйленейін деп жатырмын, мазамды алма! — деді маңғазданып.

Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келе жатқанда Дәуітті кездестіреді.

- Сүйкімді достым, неге зарлана жылайсың? - деп сұрады Дәуіт Қарлығаштан.

- Мен қалай жыламайын! Жауыз жылан балапандарымды жұтпақшы болып ұяма өрмелеп барады. Қайда барамын?! Не істеймін?! Не Көкек, не Қарға қанша жалынсам да көмекке жарамады.

- Олай болса, мен саған көмектесейін! Мені тезірек ұяңа жеткіз! - деді Дәуіт.

Қарлығаш қанатына Дәуітті отырғызып, екеуі көзді ашып жұмғанша ұяға жетті.

Қайсар Дәуіт ұяға жетіп қалған жыланды жардан құлатып жіберді. Сөйтіп, балапандарды аман алып қалды.

Дәуіттің ерлігіне сүйсінген Қарлығаш онымен айнымас дос болды.

Не сыйлау керек?

Көктемнің алғашқы күндері болатын. Балғын көкесіне еріп балабақшасына келе жатты.

- Ертең апаңның мерекесі. Оған сыйлық әзірледің бе? - деді көкесі жол - жөнекей. Балғын «білмеймін» дегендей басын қиқаң еткізді.

- Неге білмейсің? Сен енді жігітсің. Күзде мектепке барасың. Кешке дейін ойлан. Сосын ақылдасамыз.

Ол жұмысқа кетті. Балғын балабақшада қалып қойды. «Не сыйлау керек?» деп қайта-қайта ойланды. Ешнәрсе таба алмады. Терезе алдында гүл тұратын. Қып-қызыл, әдемі гүл. Соған көзі түсті. Қайта-қайта қарай береді. «Жұлып алып, апарып берсем, апам қуанады, ә!» - деді ол өзіне-өзі.

Бір кезде қараса, тәрбиеші апай оған су сеуіп жатыр екен. «Апайды ренжітуге болмайды ғой. Ертең - ақ гүлді іздейтіні сөзсіз».

- Гүлді жақсы көресің-ау, сірә? - деді апайы. - Иә.

Балғын басын изеді.

- Бүгін тіпті қасынан шықпай жүрсің ғой. Бала төмен қарады.

- Ертең мереке ғой. Апама не сыйлауға болады? - деді.

- Ә, солай ма?! - Апайы басынан сипады да, - Кел, онда екеулеп ақылдасайық. Мысалы, өзің не сыйлағың келеді? - деді.

- Қызыл гүл.

- Тіпті жақсы. Қазір ақ қағаз аламыз. Сонан соң гүлдің суретін саламыз. Түсін қызылға бояймыз. Сыйлық әзір.

Бала қуанып сала берді. Таңертеңнен ойлаған ойы тез шешілді. Көкесінен бұрынырақ тапқанына дән риза.

Бір сәт гүл де әзір болды. Оны әдемілеп қағазға орады. Көкесін көрген сәтте:

- Менің сыйлығым дайын! - деп, қуана жар салды. - Қызыл гүл беремін.

- Міне, азамат болды деген осы! - Көкесі оны арқасынан қақты.

Ж. Әлмашев

Наурыз тойы

Күн менен түн теңелді,

Жер шуаққа кенелді,

Соны тойлар ел енді.

Наурыз тойы - салтымыз,

«Көгерсін», - деп халқымыз,

Көшеге тал егеміз.

Жарқырап тұр күніміз,

Жайқалсын жас гүліміз,

Бақта бұлбұл  сайрасын.

Сәнді көктем нұрымен,

Наурыз тойы жырымен

Көңіл гүлдей жайнасын.

Ә. Табылды

Наурыз батасы

Ұлыс бақты болсын,

Әр күніміз жақсы болсын,

Достығымыз берік болсын,

Білім-өнер серік болсын!

Төлдер айтысы

(ертегі)

Бір жерге жиналған лақ, құлын, бұзау, қошақан мен бота «Біздің иеміз қайсымызды жақсы көреді?» - деп бір-бірінен сұрастырды.

Сонда лақ тұрып:

- Мә-ә, мә-ә, әрине, мені жақсы көреді. Адам біздің сүтімізді ішіп, түбітімізді киімге пайдаланады, - деді.

Сонда құлын бір кісінеп алды да:

- Лақ, сен орынсыз мақтанба. Бізден қазы-қарта, шұжық, қымыз алады. Адамның мініс көлігі де біз, - дейді.

Бұзау тұрып:

- Сендер босқа мақтанасыңдар, адам тіршілігіне ең қолайлы - сиыр малы. Бізден шелек - шелек сүт, қарын - қарын май, ірімшік алады. Иемізге бізден пайдалы түлік жоқ, - десе, қошақан тұрып:

- Сендер босқа мақтанасыңдар, нем мені жақсы көреді. Адам киетін киім-кешекке қажетті маталар, үйдегі төсеніш біздің жүнімізден жасалады, бізден пайдалысы жоқ, - дейді.

Бота тұрып:

- Бәріңнен де иеміз мені жақсы көреді. Бізден алатын шұбаттың емдік қасиетін айтсаңшы. Оған еш нәрсе жетпейді, - дейді.

Осы кезде адам:

- Төлдерім, сендер босқа таласпаңдар, әрқайсыңның өз орындарың бар, адам үшін бөрің де керексіңдер! - деді.

Сәруар

(ертегі)

Бір Сәруар деген батыл бала Айға ұшпақ болады. Сөйтіп, ол Айға өзімен бірге ұшатын жолдас іздейді. Алғаш «Осы денелі ғой, батыр да батыл әрі күшті ғой», - деген оймен Аюға келіп:

- Менімен бірге Айға ұшасың ба? - деп сұрайды. Аю біраз ойланып отырады да:

- Ол жақта мен жейтін бал бар ма екен? - дейді. Сәруар бұған ренжіп:

- Денең дәу болғанмен, өзің баланың сөзін айтасың, қорбаңбай неме, қорқақ екенсің ғой, - деп оны қайрай түседі.

Аю:

- Мен қорықпаймын, бірақ ол жақта бал болмаса, несіне барамын, - деп ақталады.

Сәруар:

- Қой, түйедей болғанша тәттіден басқа түк ойламайтын бұдан ештеңе шықпас, - деп, басқа дос іздеп, қайтадан жолға шығады.

Сөйтіп, тәттіқұмар қорбаңбай аюға ренжіп келе жатқанда, алдынан қасқыр кездеседі. Сәруар оны көргенде қуанып: «Азуы алты қарыс, тісі күректей, осы батыр да батыл шығар, бәлкім, осы барып қалар», - деп ойлайды. Сосын қасқырға жақындап:

- Менімен бірге Айға ұшасың ба? - деп сұрайды. Қасқыр шоқиып отыра қалып біраз ойланып алады да,

Сәруардың өзіне қарсы сұрақ қояды:

- Немен ұшамыз, үлкен самұрық құс ұстап алып, сонымен ұшамыз ба?

- Жоқ, кәдімгі Айға ұшатын ғарыш кемесімен ұшамыз.

- Оның ішінде тамақ бар ма?

- Әрине, бар!

- Қандай тамақ?

- Айға дейін біз екі күн ұшамыз, қайтуымызға да тағы екі күн керек. Сонда барып қайтуымыз төрт күнге созылады. Ал бізге бір айға жететін тамақ береді. Ол кәдімгі дәрі сияқты. Тек біреуін жесең болды, бір күн бойы тамақ ішпейсің, қарның да ашпайды, тойып қаласың.

- Жо-жоқ, бұл  маған ұнамайды, маған қарнымды шығарар қой мен қозы керек, бағлан керек, құлын керек!

- Әй, Қасеке - ай, ет - ет деп сенің - ақ тісің қышиды да тұрады екен. Егер саған тамаққа бір қой алып шықтық делік, сол жете ме?

- Төрт күнге ме? Төрт күнге бір-ақ қой ма, ойбай-ау, аштан өлемін ғой. Былай келіселік, төрт күнге төрт марка! Басқа ештеңе керек емес!

Осыны айтып қасекең ұзын сүйір қызыл тілімен екі езуін алма-кезек жалап-жалап қояды. Екі көзі оттай жайнап, қызарып шыға келіпті. Түнгі жарықтай жылт-жылт етеді.

- Жоқ, болмайды, Қасеке, төрт күнге төрт қой алсақ, өзіміз кішкене кеменің қай жеріне отырамыз, сыймаймыз ғой!

- Мен ендеше, қампиып қарным тоймайтын жерге бара алмаймын, балақай!

Сәруар қасқырдан да береке болмасын білген соң, өзіне лайықты серік іздеп тағы да жолға шығады.

Бәріне ренжіп, шаршап келе жатқан батыр бала Сәруардың алдынан Түкең, кәдімгі түлкі кездесе кетеді.

- Сәлем, балақай!

Ол өзі бірінші болып сәлем беріп, ұзын сұлу құйрығын бұлғаң - бұлғаң еткізіп, ойнатып қойды.

- Иә, жол болсын, есімің кім, жолаушы бала, жақсы бала?

- Әлей болсын, есімім - Сәруар, әкем аты — Дәуір.

- Қандай шаруамен қайда барасың, айта отыр, қалқам, көмегім тиіп қалар?

- Айға сапар шекпек едім. Соған өзіммен бірге серік болып баратын жолдас іздеп келемін. Сіз маған серік болмас па екенсіз?

Түкең екі көзін жұмып жіберіп, шоқиып отыра қалады да, біраз ойланып көреді. Содан жұлып алғандай:

- Онда тауықтар бар ма екен? - деп сұрайды. Өзі қайта-қайта жұтына береді, екі көзі от боп жайнап кеткен.

- Айда тауық бар ма, жоқ па, оны барған соң көреміз. Біздің негізгі мақсатымыз да сол — Айға барып, онда тіршіліктің бар-жоғын анықтау. Бар болса, оны зерттеу.

- Қойыңыз, балақай, ол жақта тіршілік болмаса, аштан өліп қалып жүрермін. Бірер тауық ала барсақ қайтеді. Семізінен таңдап алайық. Онда барар едім...

Сәруар Түкеңнің ойын түсініп қалады. Түлкінің ойы тегін тамақ жеп, қыдырып қайту ғана еді. Сондықтан да оған:

- Айға менімен бірге ұшасың ба, ұшпайсың ба, бұл аңдатпай турасын айт! - дейді.

Түлкі ойланбастан:

- Ол жақта тауық болса ғана барамын! - деп міңгірлейді.

- Тауық жоқ!

- Тауықсыз жерге мен де бармаймын!

Сәруар балдан басқа ойлайтыны жоқ қорбаңбай аюдың, азуы алты қарыс ашқарақ қасқырдың, алпыс айлалы қу түлкінің тек өз бастарының ғана қамын ойлайтынына қатты ашуланады. Сөйтіп, ренжіп келе жатқанында, алдынан желаяқ қоян кездесе кетеді. Екі көзі адырайып, екі құлағы едірейіп, мұрты мен мұрны қоса жыбырлап түр. Өзі аптыға сөйлейді.

- Сә-сә... Сә... сәлеметсіз бе?

- Амансың ба, сүр көжек, қайда асығып барасың?

- Өзім де білмеймін, жаңа қалың қамыстың арасында ұйықтап жатыр едім, бірдеңенің сылдыр ете түскені. Шамасы, қасқыр-ау деймін. Содан қашып, жеткізбей келе жатқан бетім.

- Қасқырды өз көзіңмен көрдің бе?

- Артыма қарағаным жоқ, қорықтым...

- Онда қамысты сылдырлатқан жел шығар?

- Білмеймін, қорқып кеттім, жүрегім әлі дүрсілдеп түр.

- Менің атым - Сәруар, әкем аты - Дәуір. Айға ұшатын болып, бірге ұшатын серік іздеп келемін!

Сәруар мұны айтқанда, қоянның екі көзі ұясынан шығып кете жаздады.

- Қорқамын, - дейді.

- Ал мен қорықпаймын. Сені де ала барайын, маған серік боласың ба?

Қоян ыршып түседі. Сөйтеді де, екі құлағын салбыратып жіберіп, шоқиып отыра қалып ойға батады. Әлден уақытта барып:

- Қорқамын, - дейді.

- Неден? - деп сұрайды Сәруар.

- Бұлттан, - дейді қоян.

- Бұлттан да қорқа ма екен, бұлт деген түтін сияқты емес пе? - дейді Сәруар.

- Иә саған, өйтіп мені алдама, - дейді қоян Сәруардың сөзіне сенбей. - Онда ол бұлттар неге кейде қасқырға, кейде аюға, кейде түлкіге ұқсайды?

- Бұлтты жел ұшырады. Ол ұшқан кезде неше түрлі кейіпке келеді. Кейде адамға, тауларға, құстарға, қасқырға да ұқсай береді. Ал «Қорыққанға қос көрінер» дегендей, саған қасқыр боп көрінеді екен ғой... Егер Айға ұшып барсаң, бұлттың түтін екенін өз көзіңмен көрер едің.

- Қорқам, - дейді қоян одан сайын қалтырап.

- Тағы неден қорқасың?

- Ол жақта қасқыр бар шығар?

- Қасқыр жоқ!

- Сонда да қорқам...

- Неден қорқасың?

- Түлкі бар шығар?

- Түлкі де жоқ.

- Сонда да қорқам...

- Неден?

- Ғарыш кемесінен...

- Неге?

- Құлап қалатын шығар?

Сәруар қоянның бұл  сөзіне ішегі түйілгенше күлді. Сосын қоянға өзінің көлеңкесін көрсетіп: «Ой, мынау құлағы қалқайған не мақұлық?» - деп, әдейі орнынан ыршып түсті. Сол кезде қоян өз көлеңкесінен өзі қорқып, алды-артына қарамастан, зуылдап зытып берді.

- Ой, қорқақ, қорқақ! - деп айқайлайды Сәруар қоянның соңынан, - Қорқақ, сен Айға қайдан барайын деп едің, мына түріңмен жолда жүрегің жарылып өліп қаларсың!

Сәруар кездескен аңдардың бәрі өзіне серік бола алмайтынын білген соң, еліне қайтады. Таудан соң, таудан асып, белден соң, белге жетеді. Орманнан - орманға кіріп, мұхиттан - мұхитқа, теңізден - теңізге кездеседі. Бәрінен де аман өтеді. Еліне жетеді.

Еліне жетіп, үйіне жақындағанда, алдынан пыр-пыр еткен пысық мысығы мен күшігі Саққұлақ шығады.

- Көп кешіктің ғой, қайда болдың? Біз сені сағындық, - дейді олар Сәруарға еркелеп. Сәруар болған жағдайдың бәрін тегіс айтып береді. Сонда пыр-пыр еткен пысық мысығы мен Саққұлақ күшігі:

- Айға сенімен біз ұшамыз, бірге ұшамыз, алақай, бірге ұшамыз! - деп шуылдап қоя береді.

Сөйтіп, Сәруар пыр-пыр еткен пысық мысығы мен Саққұлақ күшігін алып, Айға ұшып барып, аман-есен еліне қайтып оралыпты.

С. Оспанов

Тоқтар батыр

Айналады ел бір сенен,

Есіміңді білсе әлем.

Ғарышқа ұшқан қазақтың

Тұңғышына бір сәлем!

Жаз

Жазым келді жарқылдап,

Қазым келді қаңқылдап.

Гүлге қонды көбелек,

Қос қанаты қалтылдап.

Сүйіп күннің шапағын,

Тау шешті аң шапанын.

Күлтеленді қурайлар,

Төгіп бұйра шашағын.

Жаңбыр жуса жас талды,

Гүл қауызын ашқан-ды.

Кең жайлаудың төсінде

Қызық-думан басталды.

Н. Айтов


По теме: методические разработки, презентации и конспекты

"кәҗә һәм кәҗә бәтиләре"танып белү эшчәнлеге буенча шөгыль(икенче кечкенәләр төркеме)

Это занятие на родном языке для моих воспитанников.Мы любим играть в театрализованные игры....

Тема: «Чәчәкләр патшалыгында». Мәктәпкә әзерлек төркеме. Рәсем шөгеле.

Максат:Балаларны  үсеп утыручы чәчәкләргәкарап соклана белергә, аларныӊ  матурлагын күрәбелергә, табигать тудырган матурлыкны саклый белергә  өйрәтү. Урман чәчәкләре исемнәрен истә калд...

Татарстан Республикасы Балтач муниципаль районы «Нөнәгәр балалар бакчасы» муниципаль бюджет мәктәпкәчә белем бирү учреждениесе тәрбиячесе Закирова Гөлүзә Харис кызы Тема: “Авыл урамына сәяхәт” (Өлкәннәр төркеме.)

Максат:балаларны җәяүлеләр өчен булган кагыйдәләр белән таныштыруны дәвам итү.Җәяүлеләр өчен булган кагыйдәләр хәрәкәт итүче транспортка юл читеннән каршы бару, юлны аркылы чыгу тәртибен аңлату....

“Мин һәм минем тату гаиләм” уртанчылар төркеме өчен проект

Балага тәрбия һәм белем бирүдә гаиләнең роле бик зур. Яхшы психологик халәт урнашкан мәдәниятле һәм белемле гаилә балаларда үз-үзенә ышаныч, үзенең кирәклеген тоюны формалаштыра.   Ата-ана үрнәг...

Көркем әдебиет разроботка

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАР...

Көркем әдебиет разроботка

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН МАТЕРИАЛДАР...

Көркем әдебиет хрестоматиясы

БАЛАЛАР КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІМЕН ТАНЫСТЫРУДА ОҚУ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР...