Өскелең ұрпақтың толеранттылық пен патриоттық сезімін тәрбиелеу
статья на тему

Байбосынова Касиет Абдуалиевна

В статье рассматриваются актуальные вопросы воспитания толерантности и патриотизма подрастающего поколения. В системе образования вопросы формирования этих чувств занимают особое место.

Скачать:

ВложениеРазмер
Файл bayandama-baybosynova.docx27.82 КБ

Предварительный просмотр:

К. А. Байбосынова

«№ 15 орта мектебі» КММ

Кешкі (сырттай ) оқу бөлімінің

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Өскелең ұрпақтың толеранттылық пен патриоттық

сезімін  тәрбиелеу

        

Халықтың болашағы – ұрпағы,  ұрпақтың  тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық,  тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық,  жыныстық,  патриоттық  тәрбие  берілуі  тиіс.

        

        Қазіргі уақытта қоғамның дамуына байланысты жас ұрпаққа білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара  жатыр. Болашақ ұрпағымызды жан-жақты, ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, білімді, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың, мұғалімнің, мектептің, барша адам баласының қоғам алдындағы борышы.                     

ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс» делінген.                      

Патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу отбасындағы тәрбиенің, мектепке дейінгі мекеменің, мектептің, ортаның, және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады.                                                           

Толеранттылық сөзінің астарында – шыдамдылық: басқалардың пікіріне, мінезіне және т.б. шыдамдылық таныту, достық қарым-қатынас, сабырлық, бейбіт көңіл-күй, құрмет, түсіністік, ортақ тіл табысу, келісім, өзгені өзіңмен тең көру, жұмсақтық жатыр. Адамдардың қарым-қатынас мәдениеті, яғни бір баланың екінші баланы сол қалпында қабылдауы, тең тұтуы үнемі орындалмай жатады. Баланың әлеуметтік жағдайының нашарлығы, оқу үлгерімінің төмендігі, дене бітіміндегі кемістік, ұлттық ерекшелігі, кейде тіпті діни өзгешелігі түрлі қақтығысулар мен шекісулерге, қарама-қайшылыққа алып келеді. Әр адамды түрлі кемшіліктерімен қабылдау немесе тең санау кез-келгеннің қолынан келмейді. Толеранттылықты  қалыптастырудың  негізі – достық пен бірлік.         Сондықтан оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен сыйлас болуға үйрету, коммуникативті өрісті дамыту қажет.

Толеранттылыққа тәрбиелеу, бұл – адамгершілік парыз, ерекше құқықтық және адамды рухани өсуге жеткізетін жол. Бірақ, толеранттылықты тәрбиелеу бойынша міндеттерді табысты шешу үшін педагогтың өзі толерантты болу керек, толеранттылыққа үйреніп, оның мәнін оймен және жүрекпен ұғыну қажет. Баяғы бір кезде үлкен отбасында, ауыл көшесінде, қалалық аулада балалар төзімділік, қарым-қатынас, өзара түсінушілік дағдыларын сіңірді. Енді көптеген отбасында жалғыз бала, ал құрбыларымен ауладағы, көшедегі қарым-қатынас, компьютермен «қарым-қатынас» жасауға ауыстырылды. Бұл жағдайларда мектеп әлеуметтік өзара қарым-қатынасты, толеранттық тәртіп дағдыларын игеруге болатын тиімді орын болып табылады.                                                                          

Толеранттық қарым-қатынасты қалыптастыруда мұғалім қызметінің мәні – оқушылардың коммуникативті құзіреттілігін арттыруға жәрдемдесу, яғни сұхбаттасуға дайын болу, басқалармен бірге шындықты іздеу және шындыққа мұқтаж әрбір адамға түсінікті түрде өз ізденістерінің нәтижелері туралы хабарлау. Толеранттылық мәні оқушылардың адамгершілік мәдениетін, өз ойын білдіру мәдениетін қалыптастыру үшін оңтайлы жағдайлар жасайтын оқыту принциптеріне тоғыстыратын оқушы мен мұғалімнің педагогикалық қарым-қатынасының жаңа негізі болып табылады.

Толеранттылықты тәрбиелеудегі шараларға мыналарды қарастыруға болады:

  • оқушылардың бір-біріне жаны ашушылық, аяушылық сезімдерін

тәрбиелейтін іс-шаралар.

     - бір-бірін түсіне білуге үйрету, басқаның пікірімен санасу, конфликті жағдайдан шыға білу, басқа халықтардың, ұлттардың тарихы мен мәдениетіне қызығушылықтарын ояту, өзара көмекке ұмтылу бағытындағы іс-шаралар.

     - белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, әр түрлі адамдар мен идеялар ортасында өмір сүруге бейімделу, өз құқығы  мен міндетін ғана біліп қоймай, басқаның еркі мен бостандығын да қадірлей білетін өзіндік ой-пікірі бар адамдарды тәрбиелейтін іс-шаралар.

        Ортанғы буын сыныптарында қарым-қатынасқа құралған ашық пікірлер сайысы, оқушыларды пікір таласуға, айтысуға үйрететін, конфликтерді бейбіт жолмен шешуге жеткізетін – оқытудың интерактивті әдістерін қолдану тиімді. Бұл әдістің артықшылығы басқаша ойлайтындарға, қарама-қарсы пікірлерге шыдамдылық танытуға төселдіреді, оқушының коммуникативтік қабілетін арттырады, жеке тұлғаны толеранттыққа тәрбиелейді, қоршаған ортаға, табиғатқа, адамдарға өктемдік жүргізуге деген жек көрушілік сезімін оятады.                                                    

Оқу мен тәрбие егіз, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтқан болатын.                           Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру қазіргі мектепте маңызды міндеттердің бірі, өйткені балалық шақ пен жастық шақ – Отанға деген махаббат сезімін дарыту үшін ең берекелі уақыт. Отансүйгіштік ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алады. Тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады.

Патриоттық тәрбие ұғымының астарында білім алушылардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін біртіндеп қалыптастыру, оны қорғауға әрдайым дайын болу ұғымы жатыр. Отансүйгіштік – жан-жақты дамыған тұлғаның маңызды жақтарының бірі. Сондай-ақ, отансүйгіштікке тәрбиелеу –   оқушылардың өз Отаны үшін, өз халқы үшін ар-намыс сезімін құру бойынша үздіксіз жүргізілетін жұмыс.         

«Патриотизм» сөзі грек тілінен аударғанда, «атамекен» - өз Отанын сүйетін азаматқа тән адамгершілік және саяси қағида дегенді білдіреді. Мағынасын кеңінен ашқанда, негізі, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік, тарихи өткені мен бүгінгісін мақтаныш ету, болашаққа қамқорлық болатын терең әлеуметтік сезім.                                      

Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын: Әнұранын, Туын, Елтаңбасын оқушыларға үйрету және құрметпен қарап, орындату мәселелері болып табылады. Еліміздің Конституциясын бұлжытпай орындау, құқықтық-саяси және этикалық әдет-ғұрып,  мәдениетін тәрбие беруде оқушы бойына сіңіруді қалыптастырады.                                  Өзіміздің жұмыс процесімізде біз қазақстандық жастардың мемлекеттік рәміздерді шексіз құрметтеуіне тәрбиелеуімізге тиіспіз.  Ол үшін олар өз елінің мемлекеттік рәміздерінің құрылу тарихын білуге міндетті.

Елтаңба – туда, тиында, мөрде бейнеленетін мемлекеттің, қаланың, қауымның айрықша белгісі.

Әнұран – мемлекеттік бірлік белгісі ретінде қабылданған салтанатты ән.

Ту – арнайы түстері бар белгілі бір геометриялық пішінге ие мата. 

Мемлекеттік рәміздер бір жағынан, жас егеменді мемлекетті білдірсе, екінші жағынан тарихи дәстүрлердің мұрагерлігін білдіреді.  Сондықтан барлығымыздың алдымызда, өскелең ұрпаққа өз елінің рәміздеріне, әрбір қазақстандық үшін қасиетті адамдарға ерекше қарым-қатынасы мен шынайы құрметін тәрбиелеу міндеті тұр. Онда жоғары адамгершілік құндылықтар, көп ұлтты республиканың үздік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптар туралы ұғымдар үйлесімді бейнеленеді. Мемлекеттік рәміздерді шынайы құрметтеу үшін, ең әуелі олар туралы дұрыс түсінік болу керек екендігі анық. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін. Мемлекеттік рәміздердің тарихын білу – халық, мемлекет туралы тарихи танымын кеңейтеді және олардың азаматтық жетілуін көтереді. Мемлекеттік рәміздер елдің тәуелсіздігі мен өзіндік ерекшелік идеясын іске асыру болып табылып, рухани, адамгершілік аясын дамытуға ықпал етеді, ұлт тірегі мен нышаны болады.

ҚР мемлекеттік рәміздерін насихаттау, дәріптеу және дұрыс қолдану мақсатында біздің мектепте нақты жұмыстар жүргізілуде.            

Мектептің ресми шараларында оқушылар әнұранды орындайды. Мадақтаманы немесе білім туралы аттестатты алған кезде білім алушы елтаңбаның суретін көреді – бұның барлығы патриоттық тәрбиенің елеулі бөлігі.

Біздің мектебіміздің педагогтары ҚР Туы, Елтаңбасы, Әнұраны туралы сынып сағаттар циклін әзірледі – «ҚР Туы, Елтаңбасы, Әнұраны», «ҚР Әнұранының авторы», «Елтаңбада бейнеленген элементтер нені білдіреді?», «Геральдика ғылымы», «Тәуелсіз Қазақстанның Туы» т.б.

Мемлекеттік рәміздердің тарихына қатысты сұрақтарды қамтитын «Өз ойыным», «Тәуелсіз Қазақстан» сияқты интеллектуалдық ойындар мектеп қызметінің айқын құрамдас бөлігі.                        

Туған елдің елтаңбасының, туының  және әнұранының суреттелуін ғана емес, олардың эволюция тарихын оқу арқылы мүмкін болатын нышандық белгілерін түсіну аса маңызды. Бұл мемлекеттік нышандар қалай пайда болғандығы және ғасырлар көлемінде қандай жолдан өткендігі  туралы.          Жұмыс нәтижесі, әлеуметтік белсенді оқушылар санын арттыру болып табылады. Тәрбие ісінің басты мақсаты жүзеге асырылады – жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру.         Сөйтіп, тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, патриотизмнің қалыптасуына ықпал етеді, тұлғаның әлеуметтенуіне, оның рухани дамуына және үйлесімді тәрбиеленуіне жәрдемдеседі.  

Өскелең ұрпаққа  патриоттық тәрбие берудің тиімділігі, мемлекеттің, мектептің және отбасының бірлесіп жұмыс істеуіне байланысты екендігін түсіну өте маңызды. Бұл субъектілердің өзара тығыз ынтымақтастығында және өзара әрекет етуінде ғана, баланың тұлғалық толық құнды дамуына қол жеткізуге болады.    

Толеранттыққа және патриотизмге тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше. Әр мұғалім өзінің сабақтарында тәрбиенің осы бағыттарын естен шығармағаны абзал.

«Қазақ тілі» оқулықтарында Отан, туған ел, туған жер, Ата заң, мемлекеттік рәміздер, халықтар достығы, отбасы жәйлі тәрбиелік маңызы зор мәтіндер мен өлеңдерден үзінділер, халық даналығы, ғасырлар шежіресі – мақал-мәтелдер, нақыл сөздер көптеп берілген.

Қазақ тілі мен әдебиетті оқыту барысында оқушыларды әр халықтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен таныстыру, адам баласының бір-біріне туыс, дос, көмекші екеніне назар аудартқаны жөн.

Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – жалпыадамзаттық іс. Сондықтан жүктің жеңілдігі жұмыла көтеруде екендігін ескеріп, жас ұрпаққа ұлттық мүддеге сай тәрбие беруде баршамыз біріге күш салғанымыз абзал.

Түйіндей айтсақ, оқу-тәрбие үрдісінде оқушылармен осы жоғарыда баяндалғандай, тағы да басқа әдістерді қолдана отырып, өскелең ұрпақтың көкейіне осындай іс-әрекеттерімен ой сала білсек, заманға сай үлгі көрсетсек, қоғамға керекті толерантты, отансүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз деп сенеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жасөспірімдік ортада толеранттылық пен ұлтаралық мәдениетті тәрбиелеу: мәселелері және шешу жолдары: облыстық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. – Өскемен: Б., 2009.
  2. Қазақстан мектебі – ғылыми-педагогикалық журнал, №7, 2012.